Абай облысының Үржар ауданында үш күн бойы толассыз жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде кісі бойынан асты.
Кейбір елді мекендермен қатынас үзілді, ал бірқатар ауылдарда электр жарығы сөнді.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардағы жағдай әсіресе Қазымбет ауылында байқалды. Тарбағатай тауының етегінде орналасқан ауылдарда қардың қалың түсуі қиындық туғызды. Дегенмен қазіргі уақытта 35 елді мекенмен қатынас қалпына келтіріліп, жолдар ашылуда. Ауыр техника мен шаруа қожалықтарының техникалары қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылған.
Сонымен қатар, Семей, Жарма және Аягөз аудандарынан электр желілерін қалпына келтіру үшін арнайы мамандар мен техника көмекке келген. Бүгінде электр қуаты берілді.
Аудан әкімдігі қардың қалың түсуіне қарамастан, ауылдарда мал азығы жеткілікті екенін мәлімдеді. Дегенмен, мамандардың айтуынша, үш ауылда қардың тез еруіне байланысты су тасқыны қаупі бар.