Абай облысына қарасты Үржар ауылында 44 жастағы имам 11 жастағы қыз баланы қағып, мерт қылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылғы 14 қазанда Үржар ауылындағы Гагагарин көшесінде шамамен сағат 11:40-та Toyota Rav-4 көлігін тізгіндеп келе жатқан 44 жастағы жүргізуші 11 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Абай облысы полиция департаменті кәмелетке толмаған жаяу жүргінші Үржар ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілгенімен, медициналық мекемеде көз жұмғанын хабарлады.
"Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды. Тергеу барысы Абай облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - делінген ПД таратқан хабарламада.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көлік тізгіндеген адамның жергілікті имам болғанын растады.
"Оқыс оқиға 14 қазан күні сағат 11:50 уақыт шамасында болған. Абай облысы Ұржар ауданы, Ұржар ауылдық мешітінің имамы Ақжігітов Қайырбек Қалибекұлы абайсызда жеке көлігімен Ұржар ауылының ішінде 11 жасар Сымбатқызы Нұрай атты жеткіншекті қағып кетеді. Өзінің және куәгерлердің айтуынша көлік жылдамдығын сағатына 40 км/сағаттан асырмаған. Қыз баланы көшеде бөтен ит қуалаған, соның салдарынан қыз бала абайсызда жол ортасына кенеттен жүгіріп шыққандығы айтылуда. Сол сәтте жүргізуші Қайырбек имам көлікті тоқтатып үлгермеген. Оқиға орын алғаннан кейін Қайырбек Қалибекұлы зардап шегушіні дереу ауруханаға өзі жеткізген. Өкінішке қарай, жас қыз бала ауыр жарақаттан ота үстінде қайтыс болды", - делінген мүфтият таратқан ақпаратта
ҚМДБ-ның жазуынша, имам 10 жылдан аса уақыттан бері Ұржар ауылдық мешітінде жұмыс істеген.
"Қызмет барысында қандай да бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлары орын алмаған. Мұндай оқыс жағдай бірінші рет орын алып отырғанын мәлімдеймін", - деді Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов.