Абай облысындағы өрт: "Елдімекендерге қауіп жоқ"

521

Тілсіз жауды сөндіру жұмыстары екі бағытта жалғасып жатыр. 

Абай облысындағы өрт: "Елдімекендерге қауіп жоқ" Фото: ҚР ТЖМ

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үкімет отырысында өңірдегі ахуалды баяндады, деп жазады inbusiness.kz.

Бүгінгі таңда өрттің жалпы ауданы шамамен 60 мың гектарды құрайды. Оның 43 мың гектары – белсенді термонүктелер. Өңір басшысы елдімекендерге келер қауіп жоқ деп сендіріп отыр.

"Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстары 2 бағытта жалғасуда. Батыста өрт тоқтату үшін 300-ден астам жеке құрам, 30-дан астам бірлік техника, екінші бағыт бойынша 200-ден астам жеке құрам және 40-тан астам бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Жалпы өртті жоюға 1532 адам, 321 бірлік техника және 14 тікұшақ жұмылдырылды. Техниканы отынмен қамтамасыз ету үшін әкімдік 20 тонна жанармай жіберіп, тағы 50 тонна KAZ Minerals есебінен қамтамасыз етіледі", - деді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімі Бұлақ, Талица, Половинки елдімекендері эвакуацияланғанын атап өті. Көшіру орындарында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған көрінеді. Тұрғындар Семей қаласы мен Бородулиха ауылының эвакуациялық пунктеріне орналастырылды.

Нұрлан Ұранхаевтың сөзінше, өрт сөндіруге тартылған және эвакуацияланған азаматтар үшін азық-түлік жеткілікті.

"Бүгінгі таңда өрт салдарынан 3 үй, 2 бірлік техника өртенді. Иіс тиіп уланған орманшылықтың 2 қызметкерлерінің жағдайы жақсаруда. Жоғалған тракторшы Архиповты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Кеше трактор табылды. Полиция қызметкерлері оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуде", - деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Успенское орманшылығының қаза тапқан 14 жұмысшыларының отбасыларына көмек көрсету жүргізіліп жатыр. Бүгінде әрбір отбасына бюджет және бюджеттен тыс қажетті көмектің дербес карталары жасалды, деді облыс әкімі.

"Сонымен қатар зардап шеккендерге көмек көрсету және өрт салдарын жою үшін қайырымдылық қорында шот құрылды. Барлық мемлекеттік төлемдер уақытылы және толық көлемде көрсетілетін болады. Апатты және оның салдарын жою бойынша жұмыс бақылауда", - деді Абай облысының әкімі.

Еске салайық, осыған дейін өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден, әр балаға 2 млн теңгеден бөлінетінін жазған болатынбыз.  ҚР Үкіметі Абай облысында өрттен қаза болғандардың отбасыларына қолдау шараларын жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу