Абай облысындағы өрттен қаза тапқандар отбасыларына берілетін ақшалай төлем мөлшері анықталды

396

Келісімшарт бойынша әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан орманшының соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражатының қырық пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.  

Абай облысындағы өрттен қаза тапқандар отбасыларына берілетін ақшалай төлем мөлшері анықталды Фото: ҚР ТЖМ

Қызметтік міндеттерін (мемлекеттік орман қорын күзету және қорғау қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) мемлекеттік орман күзету қызметкерінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемді жүзеге асыру қағидалары мен мөлшерін бекіту туралы жоба "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, деп жазады Inbusiness.kz.

Қаулы қабылданған жағдайда алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

"Қызметкердің, курсанттың мемлекеттік орман күзету қызметшінің отбасы мүшелеріне жұбайы (зайыбы), сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде күндізгі оқу орнын бітіргенге дейін жиырма үш жастан аспайтын балалары, оның ішінде асырап алған балалары, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздары жатады", - делінген жобада.

Ақшалай төлемді алу үшін өткізетін құжаттар тізімі дәл осы Қаулыда бекітілген. Тиісті құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда өтініш ол берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қайтарылуға тиіс.

Ақшалай төлем осы айда өткен ай үшін 25-і күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Желтоқсанда ақшалай төлем 25-і күнінен кешіктірілмей беріледі. Кәмелетке толмаған балаларға тағайындалған ақшалай төлем олардың заңды өкілдеріне төленеді.

Келісімшарт бойынша әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан орманшының соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражатының қырық пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады. Алайда отбасының барлық мүшесіне төленетін ақшалай төлемдердің ең жоғары мөлшері ақшалай қаражаттың жүз пайызынан аспауға тиіс.

Тағы бір айтып өтетіні, ақшалай төлемдермен қамтамасыз етілетін отбасы мүшелерінің саны өзгерген кезде ақшалай төлемдердің мөлшері оны алуға құқығы бар отбасы мүшелерінің санына қарай тиісінше ұлғайтылады немесе азайтылады.

"Мерзімді мемлекеттік орман күзету қызметшісі отбасының әрбір мүшесіне ақшалай төлем тиісті қаржы жылына белгіленген бір күндік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жүзеге асырылады", - делінген құжатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу