Абайдың 175 жылдығы онлайн форматта өтеді

999

10 тамыз Абай күні ретінде белгіленіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілген болатын. 

Абайдың 175 жылдығы онлайн форматта өтеді

Əлемдік коронавирус пандемиясына байланысты барлық іс-шара онлайн форматта өтіп жатқаны белгілі. 10 тамыз күні де Хакім Абай мерейтойы аясындағы республика көлеміндегі бар іс-шара онлайн түрде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Сонымен 10 тамызға Семейдегі Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мəдени жəне əдеби-мемориалдық қорығы "Хəкім Абай" атты арнайы мəдени бағдарлама дайындап, іс-шаралар легін Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасы арқылы тікелей эфирге шығумен бастайды. Осыдан кейін мереке өңірлердегі танымал мəдениет жəне өнер қайраткерлерінің Абай шығармаларын оқуымен жалғасады.

Дəл осы күні Семейдегі "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мəдени жəне əдеби-мемориалдық қорығында "Абай және ХХІ ғасыр: болашақпен сұхбат" атты халықаралық конференция өтеді. Жиынға танымал ғалымдар, абайтанушылар, Ресей Федерациясы Əдебиет академиясының академигі Г. Пряхин, түрлі мəдени жəне ЖОО басшылары қатысады.

Сонымен қоса тəулік бойы интернет арқылы Абай қорық-музейі, "Абай-Шəкəрім" кесенесіне видеоэкскурсия жасауға, Абай музейіндегі экспонаттар жайлы түрлі бейнебаяндар тамашалауға болады.

Жыл басынан бері ақынның туып өскен өлкесінде Абай есімімен байланысты тарихи-мəдени мұра нысандарға ғылыми рестоврация жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек.

Сонымен қатар 10 тамызда 15:00-де халықаралық деңгейде Абай өлеңдерін халықаралық 8 тілде оқуға арналған "Abai world challenge" атты видеомарафон бастау алады (француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, итальян тілдерінде). Аталған челленджге Абай шығармашылығын зерттеп жүрген əлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысады.

Жалпы 10 тамыз күні республика бойынша 100-ге жуық іс-шара өтеді. Бұл іс-шараның барлығы Мəдениет жəне спорт министрлігінің əлеуметтік желідегі ресми парақшаларында Фейсбук, Инстаграм және Ютуб  арнасында көрсетіледі.

Сондай-ақ осы күні əлеуметтік бейнебаяндар мен қысқа метражды фильмдерге арналған "Абайдың мұрасы – адамзат қазынасы" атты онлайн-фестиваль басталады.

Əлемдік деңгейдегі ойшыл өз шығармаларында еңбексүйгіштікті, білімге құштарлықты, даналықты, қайырымдылық пен отанға деген махаббатты насихаттаған. Əрі ақын ой мен жүрек тазалығына айрықша мəн берген. Хакім Абайдың даналығы мен философиялық көзқарасы ғасырлар өтсе де өзінің мəн-маңызы мен өміршеңдігін жоймақ емес.

Айта кетейік, мереке күні елордамыз бен өңірлерде кемеңгер ойшылды еске алу мақсатында гүл шоқтарын қою рəсімі өтеді.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу