Осылайша, "Әділет" партиясының басшылық құрамы айқындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары лауазымдарына тағайындалды.
Өз кезегінде Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау мәселелеріне жетекшілік етеді. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тамамдаған, философия докторы ғылыми дәрежесіне ие. Оның жастар саясаты саласындағы, мемлекеттік органдар мен партиялық құрылымдардағы басшылық қызметтерде жиған мол кәсіби тәжірибесі бар. Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Мәдениет және спорт министрі, Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік инспектор қызметтерін атқарды. Тағайындауға дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жұмыс істеді.
Ал Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық бағытқа жетекшілік жасайды. Оның кәсіби қызметі сот жүйесімен тығыз байланысты. Ол аудандық сот маманынан бастап, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өтті. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болды. Әр жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде және Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетте "құқықтану", "экономика" және "бизнес" мамандықтары бойынша білім алды.
Эльдар Жұмағазиев болса, экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жауап береді. Ол Атырау мұнай және газ институтын, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тамамдады. Әр жылдары Атырау облысындағы ішкі саясат саласында қызмет етіп, "Атырау-Ақпарат" КМК өңірлік медиахолдингін басқарған, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Партиялық жұмыста мол тәжірибесі бар.



Осыған дейін партия төрағасының орынбасарлары лауазымдарына коммуникация мәселелері жөнінде – Әлия Адамбаева, идеология бағыты бойынша – Ержан Жылқыбаев және цифрландыру мәселелері жөнінде – Қаныш Төлеушин тағайындалған болатын.