Әділет Зейнел: Бізге Ұлдананың барлық ағзасы жұмысын тоқтатып жатқанын айтты

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер ісінде оның бұрынғы күйеуі (Әділет Зейнел кейін шаңырақ көтерді – ред.) жауап берді.   

Әділет Зейнел: Бізге Ұлдананың барлық ағзасы жұмысын тоқтатып жатқанын айтты Фото: stan.kz

Ол сот барысында жұбайы ауруханаға жеткізілгеннен соң отаға қалай қатысқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Прокурор сұрақтарына берген жауабында Әділет Зейнел келіншегін сағат 11:00 шамасында көргенін жеткізді. 

– Ол ес-түссіз жатты, денесі қан болды. Басының айналасында көптеген зат жатты. Дәрігерлер киімін шешіп, қайшымен кескен. Басының жанында кірпіш сынықтары, кондиционерге ұқсайтын темір және басқа да ұсақ заттар болды. Ота жасалғаннан кейін оқиға орнына бардық. Сол кезде кондиционердің қалдықтарын көрмедік, тек кірпіштер жатты, – деп жауап қатты марқұмның күйеуі.

Әділет Зейнелдің сөзінше, ол отаға тікелей қатыспаған және хирургиялық араласу жүргізбеген. Ота кезінде операциялық блокта ассистент рөлін атқарған, яғни қажетті медициналық құралдарды әкеліп отырған. 

– Отаға қатысқан жоқпын, бірақ ассистент ретінде болдым. Бізде түрлі ассистенттер болады. Бірі дәрігер-нейрохирургпен бірге ота жасайды, енді бірі құралдарды беріп тұрады. Мен қажетті құралдарды ғана жеткізіп отырдым, – деді жәбірленуші. 

Фельдшер Ұлдана Мырзуан 8-18 қараша аралығында жансақтау бөлімінде жатқан. Бұл уақытта ол есін жимаған. Тек саусағын ғана қимылдатыпты. 

– Біз 10 күн бойы Ұлдананың анаммен және әпке-сіңлілерімен бірге ауруханадан шықпадық. Менің туыстарым және Ұлдананың туыстары сол жерде болды. Дәл 18 қарашада мен несие төлеуге кеттім. Қайтып келе жатқанымда жансақтау бөлімінен хабарласып, оның барлық ағзасы жұмысын тоқтатып жатқанын айтты. Бізді бұл ақпаратқа дайындады. 18 қараша күні шамамен сағат 10 жарымда жүрегінің тоқтағанын хабарлады, – деді Әділет Зейнел.

Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның анасы сотта жауап беріп, өз қызын тани алмағанын айтқан болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу