АЭС: электр энергиясынан басқа қандай мүмкіндіктерді ашады

279

Ядролық реактор — тек электр энергиясының көзі ғана емес. 

АЭС: электр энергиясынан басқа қандай мүмкіндіктерді ашады Фото: AP Photo / Petr David Josek

 

Оның жылуы, нейтрон ағындары және өндірілетін радиоизотоптар медицинада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, ғылымда, жылумен жабдықтау және су дайындау салаларында қолданылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы мүмкіндіктердің қайсысы Қазақстан үшін өзекті болуы мүмкін және атом технологияларын дамыту неге тек энергетика саласымен шектелмей, жаңа технологиялық құзыреттердің қалыптасуымен де байланысты?

Қазіргі заманғы ядролық реактор, ең алдымен, электр энергиясын тұрақты өндіру көзі ретінде қабылданады. Алайда реакторлық технологиялардың әлеуеті мұнымен шектелмейді. Реакторда түзілетін энергия, нейтрон ағындары және олардың көмегімен алынатын материалдарды медицинада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, ғылымда, жылумен жабдықтау және су дайындау салаларында қолдануға болады.

Перспективалы бағыттардың бірі — атом электр станциясының жылу энергиясын пайдалану. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) деректеріне сәйкес реактор жылуын орталықтандырылған жылумен жабдықтау, теңіз суын тұщыту, сутегін өндіру және өнеркәсіптік процестерді қамтамасыз ету үшін пайдалануға болады. Тұтынушыға берілетін жылудың нақты параметрлері таңдалған технологияға және қауіпсіздік талаптарына байланысты анықталады. Электр және жылу энергиясын бірлесіп өндіру станцияның энергетикалық әлеуетін неғұрлым толық пайдалануға мүмкіндік беріп, сонымен қатар оның шешетін міндеттерінің аясын кеңейтеді.

Қазақстан үшін суды дайындау және теңіз суын тұщыту, елді мекендерді жылумен қамтамасыз ету, сондай-ақ өнеркәсіпорындарды технологиялық бумен жабдықтау бағыттары практикалық тұрғыдан қызығушылық тудыруы мүмкін. Сонымен бірге әрбір шешімнің орындылығы жеке бағалануы тиіс. Себебі ол тұтынушылардың орналасуына, қажетті ресурстар көлеміне, инфрақұрылымдық жағдайларға, нормативтік реттеуге, экономикалық көрсеткіштерге және қауіпсіздік талаптарына байланысты.

Зерттеу реакторларының да әлеуеті зор. Олар ғылыми зерттеулер, медицина, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мамандар даярлау үшін қажетті нейтрон ағындарын қалыптастырады. Олардың көмегімен материалдардың қасиеттері зерттеледі, жабдықтардың төзімділігі тексеріледі және кейіннен ауруды диагностикалау мен емдеуде қолданылатын радиоизотоптар өндіріледі.

Өнеркәсіпте радиоизотоптық және нейтрондық әдістер технологиялық процестерді бақылауға, ішкі ақауларды анықтауға және үлгіні бұзбай материалдардың құрылымын зерттеуге мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндіктер өлшеу дәлдігі мен жабдықтардың сенімділігі шешуші маңызға ие салалар үшін ерекше маңызды.

Қазақстан үшін мұндай бағыттарды дамыту атом саласының айналасында тұтас технологиялық экожүйенің қалыптасуын білдіруі мүмкін. Бұл — инженерлік және ғылыми кадрларды даярлаудан бастап медициналық технологияларды, өнеркәсіптік диагностика әдістерін, материалдар өндірісін, су және жылумен жабдықтау салаларындағы шешімдерді дамытуға дейінгі ауқымды қамтиды. Бұл жағдайда атом энергетикасы энергетикалық жүйенің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар ілеспе жоғары технологиялық салаларды дамытуға негіз болатын бағыт ретінде қарастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу