Агроөнеркәсіптік кешен саласына кредит беру азайған

1078

Шаруалар мемлекеттік бағдарлама бойынша кредит ала алмайтынына шағымданып жатыр.

Агроөнеркәсіптік кешен саласына кредит беру азайған

Елімізде агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласына кредит беру бір жылда 4%-ға азайған, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

2021 жылғы қаңтар-мамырда елімізде 1,1 трлн теңге болатын ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдері шығарылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда ақшалай мәнде 18,8%-ға артық. Алайда саладағы нақты өсім – 3,1%.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігін Алматы облысы (170,3 млрд теңге, нақты өсім – 0,7%), Түркістан облысы (170,3 млрд теңге, өсім – 2,9%) және Шығыс Қазақстан облысы (129,4 млрд теңге, өсім – 2,4%) өндірген. Аталған сектордағы барлық өнімнің 42,3%-ын жоғарыдағы 3 өңірдің үлесінде.

3 өңірді қоспағанда АӨК өнімдері мен қызмет санының өсуі барлық облыста тіркелген. Атырау облысында өнім шығару көлемі өзгеріссіз қалған, Солтүстік Қазақстан облысында АӨК өнімін шығару 1,1%-ға немесе 65,7 млрд теңгеге қысқарды, Алматыда – 7,8%-ға немесе 1,5 млрд теңгеге дейін төмендеді. 

2021 жылғы сәуірдің соңында банктер ауыл, орман және балық шаруашылығына 253,2 млрд теңге көлемінде кредит берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға аз. Қарыздың 99,3%-ы тікелей өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы үлесінде. Бұрын секторда кредит беру көлемінің айтарлықтай төмендеуі 2018-2019 жылдары байқалған, ал 2020 жылы жағдай жақсарған еді.

2021 жылғы сәуірдің соңында қарыз портфелінің 59,6%-ы Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарына тиесілі болды. Кредиттің ең аз көлемі Түркістан облысының үлесінде (бұл аймақ аграрлық болып саналады, алайда облыстың көптеген шаруасы кредитті Шымкенттен алады).

Сонымен қатар, фермерлер "Агротехника" және "Кең дала" бағдарламалары бойынша жеңілдетілген кредит ала алмай отырғанына шағымданып жатыр. АӨК саласында барлығы уақыт пен маусымға байланысты болғандықтан аталған мәселе өзекті болып саналады.

Биыл 5 айда ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы күрделі инвестиция 213,8 млрд теңге болды: өткен жылмен салыстырғанда ақшалай мәнде 47,4%-ға артық (нақты өсім – 46,8%). Алайда инвестиция құрылымында республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлу байқалмайды.

Салымдардың үштен екісі жеке қаражаттың үлесінде: 145,4 млрд теңге, бір жылда плюс 44%. Банктер 7,5 млрд теңге көлемінде кредит берген, өзге қарыз қаражат үлесі – 60,9 млрд теңге. 

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу