Биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлінбек, деп жазады inbusiness.kz.
АШМ-ның хабарлауынша, өткен жылы басталған онлайн сақтандырудың жақсы нәтиже көрсеткен.
"Мысалы, фермерлерге 535 млн теңгенің сақтандыру төлемі берілді. Сақтандыру жағдайы туындағанын комиссия мүшелері емес, спутниктік мәліметтерге негізделген ақпараттық жүйе анықтады. Бұл сақтандыру төлемі механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етті",– дейді ведомстводан.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Айта кетсек, агросақтандыру саласындағы оператор – "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. Мемлекет оператор арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сақтандыру сыйақысын төлеуге арналған шығындардың бір бөлігін өтейді.
"Барлық сақтандыру процесі "Agroinsurance" сервистік жүйесі орналасқан Qoldau.kz платформасында іске асырылады. Қазақстандық сақтандыру компаниялары өз тәуекелдерін әлемдік нарықта айрықша орны бар Swiss Re, Munich Re және Hannover Re сияқты ірі халықаралық компаниялар арқылы қайта сақтандырады. Сақтандыруға дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері, сұлы) және майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр) жатады",– деп түсіндіреді АШМ.
Егіс алқаптарын Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, облыстарының шаруалары сақтандыра алады.