Аида Балаева Орталық Азия елдеріне гендерлік теңдік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды

373

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы гендерлік теңдікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. 

Аида Балаева Орталық Азия елдеріне гендерлік теңдік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды Фото: baq.kz

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева айтты.

"Осы платформаны және оның қатысушыларының белсенді әлеуетін ескере отырып, біз әйелдердің, отбасыларымыздың әсіресе жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайындағы өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ортақ проблемаларды бірлесіп шеше аламыз", - деді ол Астанада өтіп жатқан Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогында.

Аида Балаева ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия 6 негізгі бағыт бойынша жұмыстарды жүргізетінін атап өтті.

"Ол әлеуметтік-демографиялық даму, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту, отбасылық құндылықтарды және мәдени ізгілікті ұстанымдарды дамыту, халықаралық ынтымақтастыққа негізделеді. Әрбір бағыт бойынша нақты жұмыс жүргізілуде", - деді спикер.

Бұдан бөлек ол ұлттық комиссия мүшелері маңызды бастамаларды іске асырып жатқанына тоқталды. Мәселен, "Томирис" жобасы өңірлік белсенді әйелдердің пулын қалыптастыру және саяси қатысу мәселелерін дамыту бойынша іс-шараларды жалғастырып жатыр.

"Гендерлік паритет болған жерде дұрыс саяси шешімдер қабылданады. Сондықтан гендерлік теңдік және басқа да мәселелер бойынша елдеріміздің ғылыми сарапшылар ынтымақтастығын дамыту керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, қыздардың ерте жүктілігі, оларды күштеп отбасын құруға итермелеу секілді әлеуметтік қиындықтармен бірлесе күресейік. Бұдан бөлек туризм, мәдени салаларды да дамытуымыз керек. Көбінесе бұл салаларда әйелдер жұмыс істейді. Қоршаған ортаны қорғау саласында да ынтымақтастық қажет. Өйткені көптеген проблемалар бойынша серіктестер бірлесе отырып шешім қабылдауы керек. Ауыл шаруашылығы және тоқыма өндірісін дамыту бойынша бірлескен форумдарды жасай аламыз", - деді ол.

Оның сөзінше, осы бағыттардың барлығы бойынша Қазақстанның өте табысты тәжірибесі бар.

"Дүниежүзілік экономикалық форум деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан гендерлік теңдікте өзінің көрсеткіштерін жақсартты. Жаһандық рейтингте ол 80-орыннан 65-орынға дейін көтерілді. Ол Словакия, Чехия, Польша және Армения сияқты елдерден алға шықты", - деді Аида Балаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу