Аида Балаева шетелдік мультфильмдер неге қазақшаланып жатқанын түсіндірді

1020

Шетелдік балалар арналарының өнімдерін қазақ тіліне аудару қаншалықты қажет? Шетелдік арналарға қаржы аударғанша, соған неге отандық өнім шығарып, дамытпаймыз? 

Аида Балаева шетелдік мультфильмдер неге қазақшаланып жатқанын түсіндірді

Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз жиынында "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасының жетекшісі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға осындай сауалдар қойылды, деп жазады inbusiness.kz.

Аида Балаева осы сұрақтың қойылғанына қуанғанын айтты.

"Әр жобаның қолдаушысы болғанда, оған қарсы тұрушы да бар. Интернет бетінде халықтың осындай алаңдаушылығы бар екенін де байқап отырмын. Сондықтан сұрағаныңыз өте дұрыс болды. Nickelodeon мен TіJі телеарналарымен келіссөз өткізіп, өнімдерін қазір "Қазақфильм" базасында аударуға кірісіп кеттік. Жыл аяғында бұл жұмыс бітеді. Бұл жұмыс – өте маңызды. Өйткені қазір таза қазақ тілді отбасындағы балалардың тілі орысша шығып жатыр. Олар орысша өнімді көреді. Тілді экран қалыптастырып жатыр. Сондықтан сол мультфильмдерді қазақ тіліне аударып беріп отырмыз", – деді Балаева.

Оның айтуы бойынша, аталмыш арналардың 800 сағат өнімі қазақ тіліне аударылып шығады. 

"Салыстырмалы түрде айтсақ, "Маша и Медведь" деген мультфильмді барлық бала сүйіп көреді. Ал оны шығарушылар бір маусымына, яғни екі-ақ сериясына біздің теңгемен 2 млрд теңге жұмсайды екен. Ал біз 800 сағат мультфильмдерді одан төрт есе арзанға қазақшалап жатырмыз. Одан бөлек айтарым, сапалы дүниеге көп қаражат пен уақыт керек. Бізге уақытты тиімді пайдалану керек. Сондықтан қазіргі балалар көретін каналдарды алдымен қазақ тілінде сөйлетіп алсақ дейміз", – деді Балаева.

Оның айтуы бойынша, отандық өнімдер де назардан тыс қалмайды.

"Балапан арнасы жақсы бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Шетелдік байқаулардан да жүлделі орындар алып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғасады", – деді Балаева. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу