Аида Балаева TikTok-қа қатысты ұстанымын айтты

243

Күн тәртібінде бұл әлеуметтік желіні бұғаттау мәселесі тұрған жоқ. 

Аида Балаева TikTok-қа қатысты ұстанымын айтты Фото: ortcom

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс кулуарында министрліктің TikTok әлеуметтік желісіне қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өздеріңізге айтқан ұсынымдарымды білесіздер. TikTok, Фейсбук, Инстаграм болсын, ұлттық қауіпсіздігімізге қандай да бір нұқсан келтіруге жол бермейміз. Балаларымыз – біздің келешегіміз. Әлеуметтік желілерде, оның ішінде TikTok-тағы заңсыз контенттің барлығы дер кезінде анықталып, алынып тасталып отыр. Бұл жағынан бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп отырған әлеуметтік желілердің әкімшілеріне алғыс айтқым келеді. Жұмыс едәуір жақсарып, жанданып келе жатыр", – деді ведомство басшысы.

Тілшілер спикерден "TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, алдағы уақытта да қаралмайды деген сөз бе?" деп нақтылады.

"Олай айта алмаймын. Ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтірген жағдайда, әлбетте ол жабылатын болады. Бірақ қазіргі таңда ондай сұрақ туындап отырған жоқ. Біз олармен нәтижелі бірге жұмыс істеп жатырмыз", – деп атап өтті Аида Балаева.

Айта кету керек, осыған дейін Үкімет TikTok 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға арналмағанын айтқан болатын. Сенатор Геннадий Шиповских TikTok платформасын бұғаттауды ұсынғанын жазғанбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу