Аида Балаева: Жалған ақпарат тарату – Орталық Азия елдеріне ортақ мәселе

Қазақстан жалған ақпаратқа қарсы күресте айтарлықтай прогреске қол жеткізген. 

Аида Балаева: Жалған ақпарат тарату – Орталық Азия елдеріне ортақ мәселе Фото: primeminister.kz

Мұндай мәліметті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мысалға келтіріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, еліміз осы күні бірқатар сервистің өкілін айқындап үлгерген.

– Онлайн-платформалардың әкімшіліктерімен пәрменді өзара іс-қимыл орнату бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдап келеміз. Осыған дейін істелген жұмыстардың арқасында қазір Қазақстанда "Facebook", "Instagram", "Вконтакте", "Одноклассники", "Тикток", "Mail.ru" және басқа сервистің өкілдері айқындалды. Сондай-ақ, Қазақстан заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порнография) пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бұл бағыттағы маңызды жетістіктерге кәмелетке толмағандарды цифрлық кеңістікте қорғауда қол жеткізілді, – деді ол Орталық Азия медиафорумындағы сөзінде.

Министр баяндамасында 2018 жылы зиянды контентке қол жеткізуді шектеудің құқықтық тетіктерін бекіткен "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заң қабылданғанын, әрі әлі күнге дейін жетілдіріліп жатқанын айтты.

– Сол тетіктер ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігінің негіздерін қамтамасыз етуде маңызды қадам болды. Қабылданған шаралардың арқасында "балалардың ақпараттық қауіпсіздігі", "балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау", "балалардың ақпаратқа қол жеткізуі" сияқты анықтамалар пайда болды, балалар үшін тыйым салынған контенттің тізбесі бекітілді, ақпараттық өнімдерге жас шектеулері белгіленді, – деп қоса кетті А.Балаева.

Ведомство басшысы сөз арасында Орталық Азия елдері үшін жалған ақпарат тарату жайы өзекті екенін жасырмады.

– Масс-медианы дамытуда соңғы трендтерді ескере отырып, Орталық Азияның барлық елі үшін ортақ проблемалардың бірі – әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде анық емес ақпаратты, әртүрлі жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы хабарламаларды тарату. Фейктерге қарсы күресте "Stopfake.kz" қазақстандық жобасы сәтті жұмыс істеп келеді, – деді министр.

Бұған дейін әлемдік алпауыт медиаресурстардың Орталық Азияға қызығушылық танытып отырғанын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу