Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің медиа-инфрақұрылымын жақсартудың негізгі қадамдарын атады. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасына тоқталды.
"Талқылау барысында 114 түзету енгізілді, оның 64-і қабылданды, 10-ы пысықталуда. 2023 жылғы 30 қарашада Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, жұмыс тобының отырыстарында оны әзірлеу жұмыстары жалғасуда", – деді ведомство басшысы.
Министр алдағы қадамдар аясында журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірлерін ескере отырып, әзірленген баспасөз картасының тұжырымдамасын анықтау тәсілдері қайта қаралатынын атап өтті.
Баспасөз карталары ұғымының өзіне және оны беру талаптарына (тәжірибесі, білімі) келетін болсақ, жалпы алғанда, жұмыс топтарындағы талқылау нәтижелері бойынша олар қайта қаралып, алынып тасталады. Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі уақытта аккредиттеуді жеңілдету тәсілінің қандай нысанда жүзеге асырылатынын айту ерте, ол жұмыс тобының отырысында белгілі болады.