Атырау облысында әйел мен оның екі баласын қатыгездікпен өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Мой Город порталына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, қаза тапқан әйел 2022 жылы күйеумен ажырасқан, олардың ортақ екі баласы бар. Кейіннен әйел айыпталушымен кездескен, бірақ қайғылы оқиғадан бір ай бұрын олар айрылысып кеткен. Бұл жағдайдан кейін сотталушы әйелді бензин құйып, өртеп жіберемін деп қорқытқан.
Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын марқұм әйел басқа ер адаммен танысады. Оған бұрынғы сүйіктісі өзін қорқытқанын айтты. Қылмыс күні әйелдің жаңа танысы мен сотталушы сөйлесіп, бітімге келеді. Марқұм әйел өмірі үшін қорқып, жаңа танысынан үйде қалуын өтінген.
Қайғылы оқиға болған түні сотталушы жақын маңдағы жанар-жағармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, пәтерді бензин құйып, өртеп жіберді. Өрт салдарынан 10 және 7 жастағы балалар қаза тапты. Әйелдің денесінің 90%-ын күйік шалып, ауруханада көз жұмды. Марқұм әйел дәрігерлер мен полицейлерге өртке кінәлі адамның есімін айтып үлгерген. Марқұм әйелдің жаңа танысы өрт кезінде терезеден секіріп үлгеріп, аман қалды.
Сот отырысында сотталушы ер адам өз кінәсін мойындамады. Ол қаза тапқан марқұмдардың туыстарынан кешірім де сұрамаған.
Судья ер адамды кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушы қаза тапқандардың туыстары мен жәбірленушіге 30 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы мен пәтерді өртеу кезінде келтірілген залал үшін 6 млн теңгеден астам материалдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Айта кету керек, осы жылдың 25 сәуірінде Атырау облысында пәтерден өрт шығып, екі бала көз жұмғанын жазған болатынбыз.