"Алматы қаласындағы "ARASHA" баспана мысалында біз тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдердің 40%-дан астамы агрессор жұбайларына оралатынын көреміз. Әр түрлі себептері бар: біреулері суымаған сезімдерінің жетегінде күйеуіне қайта келеді, біреулерінің басқа баратын жері жоқ. Күйеуі түзелуге уәде береді. Осы әйелдердің жартысы өмірлерін жаңадан бастап, отбасында қалады, екінші жартысы қайтадан бізге жүгінеді", – дейді "Қазақстанның тең құқықтар мен мүмкіндіктер институты" ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева.
Елімізде "ARASHA" секілді дағдарыс орталықтары өңірлерде де жұмыс істейді. Онда, жоғарыда айтылғандай, қиын жағдайларға тап болған әйелдерге белгілі бір уақытта баспана болып, психологиялық көмек көрсетіледі. Дегенмен отбасында қағажу көретін нәзік жандылардың саны артпаса, азаймай отыр.
"Бүгінгі күні аталған орталықтар қаржылық қиындықтарға қарамастан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құпиялылығын, тұрғын үй, психологиялық, заңдық және әлеуметтік көмек тұрғысынан кешенді қолдауды қамтамасыз етуде",– дейді "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" басқарма төрайымы Лима Диас.
Дегенмен бұл орталықтардың жұмысы зорлық-зомбылық мәселесін шешуге жеткіліксіз.
Сондықтан Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қолдауымен "Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру" республикалық жобасы басталды.