"Жоба тұрмыстық зорлық - зомбылықтың алдын алуға және Қазақстандағы жағдайды жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдауға бағытталған. Бұл, мысалы, дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру. Біз олардың еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтінін білеміз, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсетудің стандарты бар. Бірақ олардың нақты саны әлі белгісіз",– дейді жобаның басталуына арналған онлайн баспасөз-конференциясында "Қазақстанның тең құқықтар мен мүмкіндіктер институты" ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева.
Бұл жоба аясында 10 әскери оқу орнында ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуге отставкадағы әскерилер тартылады.
"Оларда ер адамдар білім алады – болашақ полицейлер, әскерилер. Баспана тәжірибесінде күштік құрылым өкілдері отбасында агрессор болған жағдайлар болды. Олар эмоцияға берілмей, мәселені күш қолдану әдісі арқылы шешуге үйренген. Жұмысы ауыр. Үйге келіп, әйеліне, балаларына мінез көрсетеді. Ал таңертең дым болмағандай гүл беріп, кешірім сұрайды және әрі қарай өмір сүре береді. Әйелдер мұндай жағдайға көніп, ондаған жылдар бойы солай өмір сүруге мәжбүр",– дейді Маргарита Өскембаева.
Сондай-ақ, жоба шеңберінде Қазақстан өңірлерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру жөніндегі алғашқы республикалық жобалық кеңсе құрылатын болады. Агрессорлардың қолынан зардап шеккен 500 әйел мен олардың балаларына психологиялық көмек көрсетіледі.