Айыптаушы тарап Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

663

Астанада бұрынғы денсаулық сақтау министрі мен экс денсаулық сақтау вице-министрінің ісі бойынша сотта жарыссөз өтуде.  

Айыптаушы тарап Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Астана прокуратурасы соттан бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты колонияда 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаруды сұрады, деп жазады inbusiness.kz  "Интерфакс-Қазақстан" сайтына сілтеме жасап.

"Қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтей отырып, Біртановқа мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраймын", - деді прокурор Бауыржан Шекенов сейсенбіде өткен тараптардың жарыссөзінде.

Бұдан бөлек прокурор соттан ҚР Президентіне Е. Біртановты мемлекеттік награда –  "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс жасауды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы екінші сотталушы – бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтей отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны сұрады.

Біртанов пен Әбішевке Қылмыстық кодекстің 361-бап 3-бөлігі (жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы) бойынша айып тағылады.

Елжан Біртанов 2020 жылдың маусымында қызметінен босатылды. Сол жылдың қазан айында бұрынғы шенеунік қамауға алынып, одан кейін сот санкциясымен үй қамағына алынды. Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті тергеу органдарының Біртановты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ысырап етті деп күдіктенетінін хабарлады.

2021 жылғы 7 шілдеде Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі агенттігі Біртанов ісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын жариялап, экс-министр мен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалануға беру кезінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктелуде екенін хабарлады. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, платформа жұмыс істемейді және медициналық мекемелерде қолданылмайды. Орындалмаған жұмыс құны 4,1 млн АҚШ доллар немесе 1,5 млрд теңгені құрады. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметіне сәйкес, Біртанов 2020 жылдың маусымында санитарлық авиацияның әуе кемесін жеке мақсаттары үшін пайдалану кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде.

Сот отырысында экс-министрді қорғаушы тарап Біртановқа қатысты соңғы айыптауды "цинизмнің шегі" деп атаған. Олардың айтуынша, сол кезде коронавирус жұқтырған бұрынғы министр Үкіметтің қалған мүшелерінің Таразға жұмыс сапарында денсаулықтарына қауіп төндірмеу үшін санавиация бортын пайдаланған. 

Айта кету керек, Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевтің ісі бойынша басты сот талқылауы 26 мамырда басталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу