Айыптаушы тараптың куәгерлері сотта Біртановты жақтады

2481

Экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.  

Айыптаушы тараптың куәгерлері сотта Біртановты жақтады

Куәгерлерден ақпараттық платформа бойынша жауап алынуда. Айыптаушы тарапқа жататын 14 куәгердің барлығы дерлік Біртанов пен Әбішевты жақтап, жауап берді. Тек Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев айтқандарынан артынша айнып, көзқарасын күрт өзгертті.

Куәгерлер "Эриксон" компаниясы келісімшарт аясындағы өзінің жұмысын орындағанын, ал қабылдап алудың барлық кезеңдері толықтай заңға сәйкес жүргізілгенін растап отыр.

Куәгерлердің бесеуі қабылдау комиссиясының мүшесі болған. Олар 2 апта бойы, 2018 жылдың қараша-желтоқсанында жұмыстардың техникалық тапсырмаға сәйкестігін күн сайын мұқият тексеріп отырғандарын айтты. Сондай-ақ, басшылық тарапынан оларға ешқандай қысым болмағанын, хаттамаға саналы түрде қол қойғандарын жеткізді.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының тестілеу бөлімінің басшысы, қабылдау комиссиясының мүшесі Тимур Жұмахаев платформаның барлық элементтерін тестілеуге тікелей өзі қатысқанын, істің орындалғанын және оларды "Эриксон"-ның өзі көрсеткенін айтты.

Платформа Денсаулық сақтау министрлігінің 19 ақпараттық жүйесімен интеграциялауға дайын екенін байқатты. Яғни "Эриксон" компаниясы өзіне қатысты жұмысты толық орындады. Бірақ қазақстандық ақпараттық жүйелерді жетілдіру қажет болғандықтан, комиссия платформаны тапсырыс беруші дайын болғаннан кейін жүзеге асырады деген шартпен қабылдайды.

Белгілі болғандай, "Эриксон" орындаған жұмыс үшін толық төлемді алғаннан кейін, 3 жыл ішінде (2021 жылдың қарашасына дейін) платформаны интеграциялау және техникалық қолдау бойынша барлық қажетті қызметтерді тегін көрсетуге міндеттелген. Бұған кепіл ретінде "Эриксон" басшылығы 5 млн долларға жуық бірнеше банктік кепілдіктерді өткізген.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің 19 ақпараттық жүйесінде қазақстандық дәрігерлер әрдайым, тәулік бойы жұмыс істеп отырғаны белгілі болды.

2018-2019 жылдары міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жүріп жатты. Сондықтан МӘМС үшін қажетті өзгертулер аталған жүйелерге түнде және демалыс күндері (дәрігерлердің жұмысын тоқтатпау үшін) енгізіліп отырды.  Сол себепті платформамен интеграциялауға дайындыққа уақыт пен маман тапшы болды.

РЭДО әдіснама бөлімінің жетекшісі болған куәгер Светлана Пономарева қабылдап алу комиссиясының мүшесі ретінде хаттамаға қол қойған кезде жеткізуші барлық талаптарды, тіпті олар келісімшартқа кірмеген болса да орындағанын айтты. Мысалы, жекеменшік клиникалардың көпшілігінің дербес ақпараттық жүйесі жоқ. Дәрігерлер науқастардың деректерін платформаның тікелей өзіне енгізуі үшін "Эриксон" тегін модуль таратып берді. "Хаттамаға саналы түрде қол қойдыңыз ба?" - деген Біртановтың сұрағына ол тәжірибелі маман екенін, оған ешкім қысым көрсетпегенін, жалпы платформа дайын болғанын айтты.

Сол сияқты комиссия құрамына кірген оның әріптесі, РЭДО Медициналық-ақпараттық талдау депарментінің бұрынғы директоры Данияр Мақашев дәрігер ретінде платформа көңілінен шыққанын жеткізді. Бұған қоса платформа сот процесіне байланысты жұмыс істемей тұрғанын мәлімдеді. Яғни 2020 жылдың жазында басталған тергеу шараларына байланысты Қаржы мониторингі агенттігінің тоқтатқанын растады.

Сотта Семейдің екі емханасының бас дәрігерлерінен де жауап алынды. Олар 2018 жылдың қазанында платформа пилоттық тестілеуден қалай өткенін егжей-тегжейлі айтып берді.

Белгілі болғандай, сынақ толық жүргізілген. РЭДО және "Эриксон" басшылығы 37 қызметкерді арнайы оқытқан. Олар платформаға енетін кодтарға ие болып, пилот кезінде интернет арқылы 3000-нан астам науқастың мәліметтерін енгізген. Сонымен қатар РЭДО тарапынан мұқият кері байланыс жасалып отырған.

Ал РЭДО жобаларды басқару департаментінің бұрынғы директоры Марат Ысқақов Ericsson тарапынан барлық интеграциялық сервистердің орындалғанын растап  қана қоймай,  сонымен қатар "Цифрландыру туралы" заңға сәйкес платформа 1 жыл тәжірибелік пайдаланудан өтіп, ақпараттық қауіпсіздік сертификаты мен өндіріске енгізу актісін алмайынша Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға рұқсат етілмейтінін мәлімдеді. Бұл кезеңдердің барлығы Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрлігінің бірлескен комиссиясымен өндірістік пайдалануға қабылданғаннан кейін яғни 2020 жылдың маусымында өтіп, аяқталған.

Куәгер Марат Ысқақов қабылдап алу кезінде бірлі-жарым ескертулер болғанын айтты. Алайда комиссия платформаны келесі тәжірибелік пайдалану кезеңіне өту үшін қабылдау жөнінде саналы түрде шешім шығарғанын мәлімдеді.

Айыптауды қолдаушы жалғыз ғана куәгер Бейбіт Есенбаев болды. Ол 2017-2022 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрлігінің цифрландыру департаменті директоры қызметін атқарды. Яғни платформа жобасының іске қосылуына негізгі жауапты адам.  Ол 2018 жылы, сонымен қатар 2019-2020 жылдары да платформаның сәйкестігі туралы барлық хаттамалар мен актілерге қол қойған.

Алғашқы кезде ол да  платформаны қабылдап алудың заңды екендігі және басшылық тарапынан оған ешқандай қысым болмағанын айтқан еді. Алайда кейін өзінің көзқарасын күрт өзгертіп, барлық жерге қолды Олжас Әбішевтің нұсқауымен қойғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Бейбіт Есенбаев осы жылдың шілде айында Денсаулық министрлігінің цифрландыру бойынша вице-министрі болып тағайындалды.

Қаперлеріңізде болса, прокуратура экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевты платформаны ақаумен қабылдады деп айыптады. Бұған қоса 4 млн доллардың жұмысы атқарылмады, пилоттық тестілеу жүргізілмеді, тәжірибелік және өндірістік пайдалану үшін заңсыз қабылдады деп көрсетті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу