"Ақ жол" партиясы елдің парламенттік республика жүйесіне көшуін көздейді

1183

Азаматтар мен бизнес төлейтін түрлі міндетті төлемақылар қосымша салыққа айналған.

"Ақ жол" партиясы елдің парламенттік республика жүйесіне көшуін көздейді

"Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев партияның XVI съезінде сөйлеген сөзінде бүгінгі күнгі қоғамдағы барлық олқылықтарды жоятын бірден-бір құрал – мемлекеттік органдарды қоғамға бағындыру екенін айтты.

"Ақ жол" демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және мықты президенттік жүйеден парламенттік республика жүйесіне біртіндеп көшуді көздейді. Қазіргі кезең парламенттік республикаға жоспарлы түрде көшуге және тікелей қатаң билікті тежемелермен және теңестірмелермен ауыстыруға мүмкіндіктер туғызды. Ол мемлекет мәселелерін шешуде баламалық пікірлерді ескеруге мүмкіндіктер береді. "Ақ жол" демократиялық партиясы Үкімет құрамын Мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия құруы керек деп санайды, партия қоғам алдында өзі құрған үкіметінің жетістіктері мен сәтсіздіктері үшін жауап беретін болады. Дамыған елдер демократиясындағы тәжірибе осындай", – деді Азат Перуашев.

"Ақ жол" басшысының айтуынша, мемлекет қаржысының жұмсалуын бекіту мен бақылауды Парламентке тапсыру керек. 

"Бұл ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджетіне қатысты мәселе. Олардың көбі мемлекеттік бюджет қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Оның үстіне шетелдерден несие алатындары да бар. Бұл қаражат қоғамнан жасырын пайдаланылған соң, сол жерлерде жемқорлыққа жол ашылады. Сондықтан ұлттық компанияларды, олардың еншілес компанияларын, министрліктер мен әкімдіктер жанындағы әртүрлі мемлекеттік кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді, "СК-Фармация" сынды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды кеңейтілген мемлекеттік бюджетке енгізіп, оларды шығындары мен жетістіктері туралы қоғамға есеп беруге міндеттеу керек", – деді партия төрағасы.

Азат Перуашев ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісін бюджетке алу қажет екенін айтты. 

"Егер 5-10 жылдан кейін осындай компания бюджеттен ақша сұрайтын болса –  ол мемлекеттік ресурстарды пайдаланып, мемлекетке емес, өз қалтасына жұмыс істейтіні анық. Ондай компанияларды таратып, орнын жеке бизнеске беру қажет. Бизнес өз қаражатын салып, бюджетке салық төлейтін болады. Екіншіден, азаматтар мен бизнес төлейтін түрлі міндетті "мүшелік", "жинақтаушы", "сақтандыру" және тағы басқа төлемақылар қосымша салыққа айналып кетті. Мысалы, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорындағы қаржыны салымшылардың өзі бақылай алмайды. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына қатысты жанжалдар болып тұрады. Сондықтан бұл қорларды басқаруды, олардың шығындары мен сыйақыларын бақылауды Парламентке беру керек", – деді ол.

Партия басшысы квазимемлекеттік компанияларға миллиондаған сыйақы бергенше, теміржол үстінен өтетін жолаушылар көпірін немесе ауыл көшесіне асфальтталған жол төсеу әлдеқайда маңыздырақ екенін баса айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу