Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярдың жетекшілігімен онлайн-кеңес өтті. Онда автожолдардың сапасын бағалау жүйесі таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Талқылауға Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар және облыстар әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп жергілікті маңызы бар автожолдардың сапасын бағалау жүйесін әзірледі. Бұл әдістеме елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың, аудандардың әкімдіктерімен жергілікті жолдардың сапасын жақсарту бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін айқындауға арналған.
"Рейтингті қалыптастыру, бірінші кезекте, автожол пайдаланушыларына жүргізілген сауалнама нәтижелеріне негізделетін болады. Ел тұрғындарының жол сапасына және жергілікті атқарушы органдардың кемшіліктерді жою шараларына қанағаттануын әлеуметтік желілер арқылы анықтау көзделген. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сыни материалдар ескерілетін болады. Бұдан бөлек, бағалау автомобиль жолдары мен елді-мекендердің көшелерінде жүргізілетін жұмыстар мен олардың барысында қолданылатын материалдардың сапасын сараптау нәтижелері бойынша да іске аспақ", – деп хабарланды ИИДМ-нен.
Мұнда құрылыстың жаңа технологиялары мен заманауи жол-құрылыс материалдарын қолдану ескеріледі.
Әдістеме бойынша рейтинг жылына екі мәрте, дәлірек айтқанда, бірінші және екінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша қалыптастырылатын болады. Оның нәтижелері бойынша үздік және ең нашар көрсеткіштері бар өңірлер анықталмақ.
Құралай Құдайберген