Ақмолалық полицейлер астыртын алтын өндіріп келген шағын цехты әшкереледі, деп хабарлады 24Хабар.
Күдікті Степногорск қаласының жанындағы Ақсу кентінің 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Тінту барысында оның қорасынан үгіту аппараттары, электрлі қозғалтқыштар мен алтынды кеннен айыратын сұйықтықтар тәркіленген. Қазір күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Енді ол 90 күн қамауда отыруға тиіс. Болмаса, 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 млн теңгеден астам айыппұл төлеуі қажет.
"Күдіктінің бұл заңсыз кәсіппен қанша уақыттан бері айналысып келе жатқаны тергеу барысында белгілі болады. Өткен жылдың өзінде полицейлер осындай 29 астыртын цехтың жұмысына тосқауыл қойып, 100 шақты қылмыстық іс қозғалған болатын", – деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәр Пинчук.