Ақмола облысындағы екі аудан халқы ауыз суға жарымай отыр - сенатор

499

Ақмола облысы аудандарындағы су тапшылығы тұрғындардың қалаларға қоныс аударуына әкеліп отыр.  

Ақмола облысындағы екі аудан халқы ауыз суға жарымай отыр - сенатор Фото: Пятый регион

Бұл туралы сенатор Талғат Жүнісов депутаттық сауалында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, Ақмола облысындағы Егіндікөл ауданының халқы соңғы 10 жылда 3 есеге азайған. Ауылдағы су тапшылығы халықтың қалаларға қоныс аударуы себептерінің бірі болып отыр, деді депутат.

Талғат Жүнісов келтірген мәліметтерге сәйкес, Нұра су құбырынан су алатын Қорғалжын және Атбасар аудандарының тұрғындары да су тапшылығына тап бола бастаған.

Тұрғындар су құбырларының жиі бұзылуына байланысты бірнеше апта бойы сусыз қалуда. Бұдан бөлек 12 ауыл ауыз суды орталық су магистралінен алса, 4 ауыл тек жеткізілетін суға сеніп отырған көрінеді.

Ол 50 жылдан бері көп өңірдегі су құбырының сау жері қалмағанын жеткізді.

"Мамандардың айтуынша, құбырдың 90 пайызға жуығы шіріп, қаусап тұр. Құбыр ішіндегі судың 70-80 пайызы шығын болып отыр. 2014 жылы су құбырын жөндеу үшін 400 миллион теңге қаражат бөлінген, бірақ, әлі күнге дейін, жұмыстар дұрыс жүргізілмей, Нұра топтық су құбыры ауыз суды жеткізуге қауқарсыз болып отыр. Облыстық және аудандық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп, су құбыры ішінара жөнделгенімен, тұтастай тәртіпке келмеген соң мәселе шешілер емес", - деді сенатор.

Сенат депутаты Ақмола облысындағы су құбырларын жаңарту мәселесін қарастыру қажет екенін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу