Әуелде Иранға қарай 150 ұшақ жұмылдырғаны хабарланса, артынша Таяу Шығысқа 300-ден аса әскери ұшағын орналастырғаны белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сарапшылардың талдауынша, Вашингтон аймақта соңғы онжылдықтардағы ең ірі әскери топтастырудың бірін қалыптастыруда. Яғни, әлемдік жетекші БАҚ-тарда АҚШ Иран айналасына 2003 жылғы Иракқа қарсы агрессия кезіндегіден де көп қарулы күш шоғырландырғаны жайлы деректер кездеседі.
Әсіресе, елдің әскери-әуе күштері өте қуатты құрамда ұсынылып отыр. Кейбір болжамдарда АҚШ-тың бүкіл әскери-әуе қуатының 40-50%-ға дейінгі бөлігі қазір Иранға бағытталғаны айтылады. Олар қазіргі кезде Дональд Трамптың соққы беру туралы бұйрығын күтіп отырғанға ұқсайды.
Айта кетейік, тарихта АҚШ-тың мұндай көп көлемде әскери әлеуетін көрсетіп, ауқымды әскери қимылдарға көшпеген кезі тіркелмеді.
Таяу Шығыс саясаты бойынша американдық жетекші сарапшы Дана Строулдың пікірінше, бұл жайттан көп нәрсені аңғаруға болады.
– Жиналған күш көлемі АҚШ-қа кез келген сценарийді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тіпті, шектеулі соққыдан бастап ұзақ әуе науқанына дейін, – деді ол.
Әскери белсенділіктің күшеюі АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздердің жасалмауынан басталды. Бүгінде "Вашингтон Тегеранға жаңа келісімге келу үшін қысымды арттыруға тырысып отыр" деген пікір бар.