Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ беттерінде жарияланған мәліметтерді жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыған дейін АҚШ 369 қазақстандықты депортациялайтынын жазған болатынбыз. Бұл туралы елдің көші-қон және кеден қызметі (ICE) жариялаған мәліметтерден белгілі болды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ беттерінде жарияланған мәліметтерге байланысты пікір білдірді.
"Кешеден бері БАҚ пен әлеуметтік желілерде АҚШ жаңа президентінің саясатына байланысты сол елде заңсыз жүрген мыңдаған мигранттар депортацияланады деген ақпарат кеңінен тарап жатыр. Барлығы Fox News-тың хабарламасына жүгініп жаңалық жасап жатыр. Оған қоса депортацияға жататын мигранттардың арасында 369 қазақстандық та бар екен-мыс. Ал сол ақпаратты тексеріп қарасақ, Fox News бұл жаңалықты 2024 жылғы 11 желтоқсанда жариялаған. Сондықтан ол ақпарат АҚШ-тың көші-қон бойынша жаңа саясатына еш қатысы жоқ.
Жалпы алғанда, депортация деген бір мемлекеттен жағымсыз тұлғаны мәжбүрлеп шығару. Мұндай депортациялау әрбір мемлекетте күнде жүзеге асырылып жатқан қалыпты іс-шара. Сондықтан ол туралы заңсыз келген басқа елдің азаматтарын шекарадан өткізбей немесе заңсыз жүрген тұлғаларды депортацияласа сол елдің билігі елшілік немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес", – делінген хабарламада.