АҚШ билігі келесі аптада 2020 жылғы сайлауға араласты деген айыпты желеу етіп, Ресейге қарсы санкция жариялауы мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы CNN арнасына сілтеме жасап.
Нақты қандай шектеулердің енгізілетін туралы ақпарат жарияланбады. Ресеймен қатар Қытай мен Иранға да қарсы бұл шара қолданылмақ.
АҚШ-тың барлау қызметі 2020 жылғы америкалық сайлауға ықпал етуге тырысқан (Вашингтонның пікірінше) Мәскеуге қарсы тиісті шаралар қабылдайтынын мәлім еткен. Ресей болса, өткен жылы өзіне тағылған бұл айыпты мойындаудан бас тартты.
АҚШ пен Британия Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізу жағын қарастырып жатқаны хабарланған еді. Нақтырақ айтқанда, ресейлік кәсіпкерлерге қарсы шектеулер енгізіліп, мемлекеттік қарызға қатысты шаралар қабылданатыны мәлім болды.Bloomberg дерегі бойынша, Вашингтон Магнитскийдің актісі бойынша "олигархтарға" қарсы шектеу жариялау арқылы Мәскеуге қысым жасауды көздеп отыр. Бұл құжат АҚШ президентіне адам құқығын бұзып, сыбайлас жемқорлықпен айналысқандарға жеке санкциялар салу құқығын береді.
Санкция себептерінің бірі – АҚШ-тың ойынша,Ресей билігінің оппозиционер Алексей Навальныйдың улануын тергеуге кедергі жасауы. Ал екіншісі –Ресей "химиялық қаруды қолдануға тыйым салу" келісімін бұзса, шектеу енгізіледі.
Табиғат Нұрболат
Фото: investing.com