АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украина мәселесін талқылау үшін Сауд Арабиясына барды

150

Украина президенті Владимир Зеленский де өңірде жүр.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украина мәселесін талқылау үшін Сауд Арабиясына барды Фото: bbc.com

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сауд Арабиясына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Америка дауысы" басылымының жазуынша, Марко Рубио Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін ресейлік әріптестерімен келіссөздер жүргізеді деп жоспарланып отыр.

Мемлекеттік хатшы сапары барысында еуропалық елдердің бастапқы келіссөздерден шығуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын сейілтуге тырысты. CBS телеарнасына берген сұхбатында бұл келіссөздердің әлі басталмағанын, қандай да бір ілгерілеу болған жағдайда Украина мен Еуропаның да бұл мәселеден шет қалмайтынын айтты.

Марко Рубио Украинадағы соғысты тоқтату мәселесінде жіті сөйлесу үшін барынша жағдай жасауға ұмтылатынын жеткізді. Осыған дейін ол алдағы уақытта Владимир Путиннің бейбіт келісімге келуге деген ниеті белгілі болатынын айтты.

Дүйсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Сауд Арабиясының жоғары лауазымды тұлғаларымен, оның ішінде Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманмен кездесуі күтіліп отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский де өңірде жүр. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріне жексенбі күні барған. Сөзінше, одан кейін Сауд Арабиясы мен Түркияға сапар шегуді де жоспарлап отыр, алайда сапардың нақты мерзімін атамады. Зеленский ресейлік немесе америкалық ресми тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмағанын айтқан.

Айта кету керек, осыған дейін АҚШ өкілдері Украина мәселесін талқылау үшін Сауд Арабиясына аттанғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу