Иран мен АҚШ алдын ала бейбіт келісімге қол қойды. Бұл ақпаратты АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
60 күнге арналған өзара түсіністік туралы меморандум барлық майданда әскери қимылдарды тоқтатуды, соның ішінде Ливандағы жағдайды да қамтиды. Сондай-ақ Тегеранға салынған санкцияларды алып тастау және Иранды қалпына келтіру қорын құру көзделіп отыр.
"Келісімге Версальда қол қойылды. Мен жаңа ғана қол қойдым", – деді Ақ үй басшысы Версаль сарайында Франция президентімен өткен кездесуден кейін.
Трамп осы жолы да Иран өз міндеттемелерін орындамаса, шабуылды қайта бастайтынын ескертті. Меморандумға Иран президенті Масуд Пезешкиан да қол қойған.
Меморандум 14 тармақтан тұрады. Атап айтқанда, соғыс қимылдарын бүкіл аймақта тоқтату, Иран порттарына салынған АҚШ-тың теңіз блокадасын алып тастау және әскерді шығару. Қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде Иран порттарына жасалған теңіз блокадасы тоқтатылады, ал соңғы бейбіт келісімнен кейін 30 күн ішінде АҚШ күштері Иран шекараларынан толық шығарылады. Ормуз бұғазы 60 күн бойы кемелердің баж салығынсыз өтуі үшін ашық болады.
АҚШ аймақтағы серіктестерімен бірге Иранды қалпына келтіру үшін экономикалық дамыту қорын құрып, оған 300 млрд доллар бөлуге уәде беріп отыр. Сондай-ақ Иранға салынған барлық санкциялар алып тасталмақ. Вашингтон мен Тегеран Иранның ядролық қаруға ие болмайтынына және сатып алмайтынына уағдаласты.
Айта кету керек, бұған дейін АҚШ пен Иран ақыры келісімге келгенін жазғанбыз. https://inbusiness.kz/kz/news/aksh-pen-iran-akyry-kelisimge-keldi