АҚШ пен Иранның нәтижесіз келіссөздерінен кейін мұнай бағасы шарықтады

112

Қара алтын құны тағы құбылды. 

АҚШ пен Иранның нәтижесіз келіссөздерінен кейін мұнай бағасы шарықтады Фото: РИА Новости / Максим Богодвид

Жексенбі күні әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт қымбаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Caliber.Az-ға сілтеме жасап.

Бұған Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің нәтиже бермеуі және АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазына теңіз блокадасын енгізетінін жариялауы себеп болған. Бұл туралы Iran International жазды. West Texas Intermediate маркалы мұнай бағасы 8,56%-ға өсіп, барреліне 104,84 доллар болды. Brent маркалы мұнай 8,61%-ға қымбаттап, 103,38 доллар деңгейіне жетті.

Бағаның күрт өсімі нарықтағы жеткізіліммен байланысты алаңдаушылықтың күшейгенін білдіреді. Ормуз бұғазындағы ахуал бұған қатты әсер етіп отыр. Себебі бұғаз әлемдік энергетикада маңызға ие. Ол арқылы жаһандық мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі өтеді.

Kpler мәліметінше, Ормуз бұғазы арқылы күніне 13,4 миллион баррель мұнай тасымалданған. Азия-Тынық мұхиты аймағы бұл жеткізілімдерге аса тәуелді. Бұл өңір елдеріндегі мұнай импортының 46%-ы Парсы шығанағы елдерінен келетін.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс бастағаннан кейін Ормуз бұғазы жабылып қалды. Салдарынан Парсы шығанағы елдерінен мұнай тасымалдауда іркілістер туындады. Өз кезегінде бұл қара алтын бағасының құбылуына әсер етті.

Айта кету керек, бұған дейін Трамп Ормуз бұғазын бұғаттауға уәде бергенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу