Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Х. Мозер қол қойды.
"Осы келісім Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) әуе көлігін одан әрі либерализациялау жөніндегі ұсынымдарын қабыл алған Қазақстан үшін бірінші құжат болып табылады. Бұл екі елдің әуе тасымалдаушылары үшін зор мүмкіндік ашады. Келісім аясында тараптардың тасымалдаушыларына ауа еркіндігінің "бесінші дәрежесі" беріліп, межелі мекендердің және жиіліктердің саны бойынша шектеу қойылмайды", – делінген Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Бір сөзбен айтқанда, аталмыш келісім екі ел арасындағы тікелей тұрақты рейстерді орындаудың құқықтық базасын қалыптастырып, арадағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
"Екі ел арасындағы тікелей рейстердің ашылуы саяси, экономикалық, мәдени өзара қарым-қатынастар мен туризмді дамытуға, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады", – делінген ресми ақпаратта.
Аталмыш жаңалықты АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де көпшілікке жария етті.
"Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Әуе қатынасы келісімге қол қойғанын қуана хабарлаймыз. Келісім АҚШ-тың "ашық аспан" халықаралық авиациялық саясатына сәйкес Қазақстанмен азаматтық авиация саласында заманауи қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді. Ол тасымалдаудың шексіз сыйымдылығы мен жиілігін, ашық маршрутқа арналған құқықтарды, либералды чартерлік режимді және код-шеринг мүмкіндіктерді қамтиды. Келісім екі елдің үкіметтері арасында дипломатиялық ноталармен алмасудан кейін күшіне енеді", – делінген елшілік таратқан ақпаратта.