Барлығы 30 проблемалық нысан бар. Олардың көбінесе суға және басқа да коммуналдық қызметтерге қосылуға құжаттары алынбаған. Ал 12 нысанның құрылысы мүлдем аяқталмай тұр.
Құжаттары жоқ, жөн жосықсыз салынған құрылыс иелері туралы тізім Ақтау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде үнемі жарияланса да, тұрғындар күдікті құрылысқа қаржы салуды тоқтатар емес. Сатып алушылар құрылыс компанияларының құжаттарын талап етпейді. Содан кейін құрылыс компанияларының халықтың атын жамылып нысанды бұзбауды талап етуі үрдіске айналып барады. Қазір тұрғын үйге қатысты бірқатар материалдар сотқа жіберілген.
Сот нысандардың бірін бұзу туралы шешім қабылдады, бірақ мердігер апелляциялық сотқа жүгінді. Кейбір қалаларда мораторийге байланысты бір кездері жойылып кеткен сәулет-қала құрылысы кеңестерінің жұмысын қайта бастау талаптарын қойып отыр. Мұндай кеңестер осы салада тәртіп орнатуға септігін тигізеді.
"Қазір "Атамекен" тұрғын үй кешеніндегі жағдай қалыпты. Онда паркингтер, коммерциялық және тұрғын үйлер барлығы сатылды. Ал құрылысты аяқтау үшін 400 млн теңге керек. Құрылыс компаниясында мұндай қаражат жоқ. Тұрғындар өз кооперативтерін құрып, барлық құжаттарды өздеріне тапсыруды сұрайды. Олар компанияны жалдап құрылысты өз бетінше аяқтағысы келеді. Үй құрылысы қазірдің өзінде 90 пайызға бітті. Бүгінгі күні құжаттар тұрғындарға әлі тапсырылған жоқ. Егер берілмесе, онда кооператив өкілдері құрылыс компаниясын сотқа бере алады", – деді қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Тасым Жаңай