Ақтауда жарылыс орнынан тағы 2 газ баллоны іздестірілуде

1180

2 қабатты ғимаратта асханадан бөлек, тігін шеберханасы, көлік жөндейтін орталық болған.

Ақтауда жарылыс орнынан тағы 2 газ баллоны іздестірілуде

Ақтауда 7 қараша күні екі қабатты дәмханада жарылыс болғаны белгілі. Дәл қазір мұнда үйінділерді ашу, тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Оған 21 техника мен 100 шақты адам жұмылдырылған.

Әлеуметтік желілерде бірнеше адам қайтыс болды деген ақпаратты мамандар теріске шығарды. Зардап шеккендер жоқ. Осы тәулікте ауруханаларға ешкім жүгінбеген.

Айта кетейік, жарылыстың жойқындығы сондай 70 метрге дейінгі ғимараттарға және соның маңындағы 11 көлікке зақым келген. Оларға келтірілген шығын есептеліп жатыр. Төтеншеліктердің айтуынша, оқиға салдарынан 200 шаршы метрге дейінгі жер бүлінген. 

"Қазір 120 шаршы метр жер аршылды. Бұл оқиға бойынша Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарымен полиция қызметкерлері айналысып жатыр. Тиісті сараптама тағайындалды. Соның қорытындысы шыққан соң нақты неден жарылыс болғанын хабарлайтын боламыз. Біздің қызметкерлер 2 газ баллонын оқиға болған жерден шығарды", – дейді Маңғыстау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Азамат Сейталин.

Қазір мамандар тағы 2 газ баллонын іздестіру үстінде. Соның жарылып кетуінен сақтану керектігін ескертті. Полиция әлі де айналаны қоршап тастаған.

Айта кетейік, 2 қабатты ғимаратта асханадан бөлек, тігін шеберханасы, көлік жөндейтін орталық болған. Шаһардың 29 А шағынауданда орналасқан "Шерқала" кешеніндегі оқиға бойынша жедел штаб құрылды.

Айтпақшы, бизнесті тексеруге қатысты мораторийге қарамастан, құзырлы орган өкілдері мұндағы бизнес нысандардағы газ қауіпсіздігін тексеретін болады. Ал мына жарылыс болған жерде соңғы тексеріс 2018 жылы жүргізілген екен.                               

Алмас Қылыш       

 

                                                                                                                   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу