Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, жоба қатысушылары қатысты. Қазіргі уақытта өңірде жобаға қатысуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан өтінімдерді қабылдау қарқынды.
Жобаны уақытылы және сапалы іске асыру мақсатында құжаттарды қарау мерзімі барынша қысқартылды. Құжаттардың толық тізімге сәйкес жиналса, несие 15 жұмыс күнде беріледі.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жобаға қатысушылардың өтінімдерін қарайтын арнай мамандар жұмыс істеуде. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарында кандидаттарға бизнес-жоспарлар жасауға, құжаттар жинауға көмек көрсетіледі, оқытылады және кеңестер беріледі, кепілге қойылатын мүлкін бағалау мерзімдерін қысқарту мәселесі қаралады.
Ақтөбе облысындағы "Ауыл аманаты" жобасы мал түрінде тауарлық несие алумен ерекшеленеді. Бүгінде ірі ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер 47 жеке қосалқы шаруашылыққа 658 бас мал берді. Екі тараптың мүдделерін қорғау мақсатында шарттың бірыңғай нысаны бекітілді, мал сақтандырылады.
Жиын барысында кооперацияны дамыту мәселелеріне айырықша назар аударылды. Бұған дейін облыс әкімі жобаның барлық қатысушыларын құрылтайшылар ретінде кооперативтерге біріктіру жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл өнімді қайта өңдеу және өткізуді жолға қойып, ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға болатын субсидияны пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 28 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
"Бұл ауылшаруашылығын дамыту, ауыл мен оның тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін өте маңызды жоба. Әрқайсысыңыздан оны іске асыруға ерекше жауапкершілікпен және адалдықпен қарауды сұраймын", - деді Ералы Тоғжанов.