Облыстық штабтың мәліметінше, бір тәулікте Қобда ауданының Қобда ауылында 51 үй, Дене-шынықтыру сауықтыру орталығы, кафе және техникалық қызмет көрсету орталығын су басты. Зардап шеккендер жоқ. 91 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Апаттық-құтқару жұмыстарына 128 адам, 37 бірлік техника, 9 бірлік су сорғылау құралдары жұмылдырылды. Материалдық құндылықтарды эвакуациялау, инертті материалдарды тасымалдау, үйлердің маңына инертті материал және қапшықтарды төсеу бойынша шаралар қабылданды.
Жергілікті уақытпен сағат 20:45-те Қобда ауданының әкімі Б.Құловтың 14.03.2023 жылғы №1 шешімімен жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Жарық ауылына кірер жолдағы үлкен Қобда өзеніндегі көпірдің толып кетуі, Өтек ауылының қасындағы Өтексай өзеніндегі көпірдің және Қанай ауылындағы ауылдық жолдың, Егіндібұлақ ауылының ішінде орналасқан Баптақты өзеніндегі көпірдің шайылуына байланысты 6 елдімекен көлік қатынасынсыз қалды (Ақшатау ауылы - Ойыл ауданы; Сарыбұлақ, Жарық, Өтек, Қанай, Егіндібұлақ ауылдары - Қобда ауданы).
Темір ауданының Бабатай кентінде еріген қар суы деңгейінің көтерілуіек байланысты Бабатай ауылындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады, су басудың алдын алу бойынша жедел шаралар қабылданды, жағдай тұрақты.
6 наурыздан бастап Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында көшелер, автожолдар және аула аумақтарынан еріген қар суын сору және бұру бойынша 1 514 өтінім қабылданды, барлығы пысықталды.
317 мың м3-тен астам еріген қар суы сорылды, 26,1 шақырым арық тазартылды, 7 420 м3 инертті материал әкелінді, 8090 дана қап төселді, облыстың елдімекендерінен 525 мың м3-тен астам қар шығарылды.
Жалпы, өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға 138 ассенизатор, 415 бірлік арнайы техника, 20 мобильді бригада, 474 адам жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша су басқан көшелер жоқ. Ерекше бақылаудағы 4 учаскеде еріген қар суының жиналуына қарай мерзімді сорғылау жүзеге асырылады.
Облыстық жедел штаб өз жұмысын 24/7 режимінде жалғастыруда, тәулік ішінде жедел желі телефонына ақпараттық сипаттағы 369 қоңырау түсті.