Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен бағдарлама қатысушыларына жеңілдік беріледі

249

Кәсіпкерлердің несие төлеу мерзімі үш айға кейінге шегеріледі. 

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен бағдарлама қатысушыларына жеңілдік беріледі Фото: Ауыл тұрғындарынан

Су тасқыны кезінде облыстағы ондаған ауылға су кірді. Соңғы мәліметтер бойынша 9 мыңға жуық түлік қырылған. Яғни, "Ауыл аманаты" бағдарламасының негізгі қатысушылары ауыл тұрғындары болғандықтан, зардап шеккендер көп болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ойыл ауданының Екпетал ауылында тұратын Ерлік Кеңесов те үйін кепілге қойып, несие алған. Алайда, тасқын кезінде оның баспанасы су астында қалды. Қора-қопсысы да бүлінген.

"Мал шаруашылығымен айналысайын деген мақсатпен бағдарламаға қатыстым. 4 миллион теңгеге жуық қаржы алдым. Кепілге қойған үйіме су кіріп, тұруға жарамсыз болып қалды. Енді не істерімді білмеймін. Сондықтан, толық ақпарат алу үшін облыс орталығына арнайы келдім. Бізге жеңілдік жасаса жақсы болар еді. Өйткені, баспанамызды жөндеп, шаруашылығымызды жолға қою үшін біраз уақыт керек", - деді ол.

"Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері тасқыннан зардап шеккен бағдарлама қатысушыларына жеңілдік жасауға дайын. Қазір тізім жасалып жатыр.

"Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Сондықтан, несие алған тұрғындардың жағдайы ескеріледі. Несие комитетінің шешімімен олар қарыздарын өтеуді 90 күннен кейін жалғастыра алады. Бұл жеңілдікті пайдалануға ниетті тұрғындар алдымен сақтандыру компанияларына баруы керек", - деп атап өтті "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бөлім басшысы Барақ Мыңбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу