Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында полиция қызметкері Азамат Симановтың ісі қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі және 347-бабы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс материалына сүйенсек, Азамат Симанов биыл шілде айында мас күйінде рульге отырып, Ақтөбе-Ақжар тас жолы бойымен жүреді. Бұл жолда 60 км/сағ жылдамдығы қарастырылған болса, ол көлікті екі есе қатты айдаған. Сол кезде велосипедке мінгескен ерлі-зайыптыны қағып кетеді. Екі адам да сол жерде көз жұмды. Ал рульде болған Ақтөбе қалалық полиция басқармасы №4 Алматы аудандық бөлімінің жедел кезекшісі жәбірленушілерге ешқандай көмек көрсетпей, ешкімге хабарламай, оқиғасы болған жерден кетіп қалған. Сот отырысы кезінде сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Сот үкімімен Азамат Симанов айыпты деп танылды.
"Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі және 347-бабы бойынша айыпты деп танылып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтеу белгіленсін", – деді судья Алтынбек Сабыров.
Қылмыстық кодекстің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотталушы полиция майоры шенінен айырылды.
Тараптар апелляциялық шағым түсетінін айтты. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.