Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырған бір топ адам сотталды

443

Аталған қылмыстық іс бойынша 764 жәбірленуші бар. 

Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырған бір топ адам сотталды

Ақтөбе қаласының № 2 соты ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қаржы пирамидаларын құру және басқару дерегі бойынша 6 сотталушыға қатысты істі қарап, үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz.

Іс материалдарында көрсетілгендей, А. ұйымдасқан топты және "Выгодный Депозит" ЖШС қаржы пирамидасын құрған және басқарған. Қаржы пирамидасы өз қызметін 2019 жылдың 30 қарашасында бастады. Оның құрамында А., Т., К., Б. және К. есімді азаматтар болды. Елдің 3 облысында қаржы пирамидасының кеңсесі жұмыс істеді. Ұйым 2020 жылдың 28 ақпанында жабылды. Сол жылдың ақпан айында Ақтөбеде бірнеше қаржы пирамидалары жабылған болатын.

Қылмыстық іс 840 томнан тұрады. Жәбірленушілерге келтірілген залал сомасы 3 млрд теңгеден асады.

Соттың шешімі бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі А. 7 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.  Ал, А., Т., К., Б., К. 7 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 

Айта кету керек, сотталушылар өз кінәсін мойындамаған әрі залал да өтелмеген. Бірақ та сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, кеңселерді тінту хаттамаларымен, ЖШС-нің бухгалтерлік құжаттамаларымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен, жеке тұлғаны тануға ұсыну хаттамаларымен, аудиторлық тексеру мен сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденіп отыр. 

Сот үкімімен жәбірленуші тараптың азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу