Ақтөбеде қылмыскерлерді қуған қызметкер үсіп қала жаздады

1107

Ақтөбеде қылмыскерлерді қуған қызметкер үсіп қала жаздады

Ақтөбе қаласындағы  КА 168-3 мекемесінде жазасын өтеуден жалтарған екеу көлікке мініп қашқан. Сағатына 120 шақырыммен жүйткіген көліктің үстінде колония қызметкері Нұржан Жидеханов қашқындармен алысқан.  

Оқиға былай болған. Қоныс колониясындағы жазасын өтеуші екеуді дәрігерлік тексеруден өткізбек болған. Алайда олар қашып шығып, қаланың сыртын бетке алады. Іздестіру барысында Нұржан Жидеханов  әлгі екеудің көлікке мініп жатқанын байқап қалады. Олар ескертуге құлақ аспайды. Қарсылық танытып, көлікті от алдырып, жүйтки жөнеледі. Әділет майоры Нұржан Жидеханов көлікті тоқтатпақ болып есікті ашқан кезде, есік  қолын қысып қалады. Көліктің төбесінде жатып қылмыскерлермен айқасқан Нұржан  41 разъезден Хромтау тас жолына дейін  барады. Бірақ көп ұзамай полиция қызметкерлері көлікті қоршап, тоқтатады.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жедел бөлім басшысы Сүйеужан Ниеталиннің айтуынша, қашқындардың бірі жеті жылға сотталған. Ал екіншісінің шығуына шамамен 7-8 ай қалыпты.  Ұрлық жасап, соңы адам өліміне әкелетіндей ауыр жарақаттар салып сотты болған азаматтар енді тағы сегіз жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал қашқындармен айқасқан Нұржан қазір ауруханада. Қолы мен құлағын үсік шалған. Ерлігі үшін  мемлекеттік наградаға ұсынылыпты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу