Ақтөбе қаласында 12- қаңтар күні түнде атыс болды.
"Ақтөбе –Богословка" тас жолының бойында полиция қызметкерлері күдік тудырған "Лада- Приора" көлігін тоқтатады. Көлік жүргізушісі ешқандай сөзге келместен қару кезенген. Полицияның "қаруды таста" деген ескертпесіне қарамастан, ол қарсылық көрсеткен. Күдікті жараланып, жедел жәрдем көлігінің ішінде көз жұмады. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аталған ақтөбелік Е. есімді азамат 1983 жылы туған. Сондай-ақ бұрын сотталғаны, қарақшылық шабуыл және күш көрсету арқылы топпен бірге автокөліктерді заңсыз иеленгені анықталды. Оқиға орнынан тәркіленген қару РФ Башқұртстан полициясы іздеу жариялаған "криминалдық қару" санатына жатады. Қару бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды, табельді қаруды қолдану дерегі бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабының 2-тармағы "Билік өкілдеріне қатысты күш қолдану" және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-тармағы "Атыс қаруын заңсыз сақтағаны" туралы екі бап бойынша жүргізілуде.
Облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаров "діни сенімге қатысты" деген ақпаратты растаған жоқ. Және жоққа да шығармады. Көлік ішінде көз жұмған күдіктінің өзі ғана болған.