Ақтөбеде "PRO – шить v KZ" өтті

961

Тігін саласының кәсіпкерлері бас қосты.  

Ақтөбеде "PRO – шить v KZ" өтті

Ақтөбеде "PRO – шить v KZ" киім өндірушілердің форумы болып өтті. Қалада биыл жыл басынан бері екі жарым миллион теңгенің киім өнімі өнімі өндірілген. Оның басым бөлігін арнайы жұмыс киімі мен төсек жабдықтары құрайды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Шараны Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімі, облыстық дизайнерлер және тігіншілер қауымдастығы мен Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы бірлесіп өткізді. Алғаш рет Атырау, Қызылорда және Орал қалаларындағы тігін саласындағы дизайнерлер мен бизнес өкілдерінің басын біріктірген "PRO – шить v KZ" қазақстандық нарықта жергілікті брендтердің идеяларын танымал ету мен дамытуды мақсат етеді. Сондай-ақ жергілікті қолөнершілер мен шағын ателье, тігін цехын ашып, кәсібін дөңгелентіп отырған ауыл әйелдерінің де тыс қалмауы қаперде ұсталды.

"Ақтөбе қаласында 121 адам еңбек ететін 11 тігін цехы бар. Олардың ішінде негізгілері "ГЛОБАЛ-Спецодежда", "FIBC Kazakhstan", "Азайа", сонымен қатар көзі көрмейтін және құлағы мүкіс жандарға арналған қоғамдар. Олар көбінесе мемлекеттік тапсырыс және мекемелермен жасалған келісім-шарттар негізінде жұмыс істейді", – дейді аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова.

Форум аясында өткен дөңгелек үстелде кәсіпкерлер саладағы шешімін күткен мәселелерді ортаға салды. Тігіншілерге қай кезде де сұраныс бар, тапсырыс беріледі деген пікірге қарамастан, пандемия уақыты олардың жұмысына айтарлықтай кедергі келтіруде. Қазіргі күні тігін өнеркәсібі де дамып, алдыңғы қатарлы жаңа технологиялар қолданыла бастаған. Оларға қол жеткізу оңай емес. Сондықтан тігін саласында еңбек етіп отырғандар грант, субсидия сияқты мүмкіндіктерді көптеп қарастырса екен дейді.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер заңды тұлғалар үшін коммуналдық төлемақыларды азайту мен тауарды көтере сатып алатындарға жеткізудің қолайлы механизмін қарастыруды сұрайды.

Шара барысында ниет білдіргендер үшін шеберлік сағаттары өтіп, сән көрсетілімдері ұсынылды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан дизайнерлерінің үш ассоциациясы арасында жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу