Ақтөбе қаласында Шәмші Қалдаяқовтың мұралы қайтадан салынды. Оның алғашқы бейнесі тұрғындарға ұнамаған еді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Шаһардағы бірнеше тұрғын үйдің қабырғасында қала күнінің қарсаңында белгілі тұлғалардың бейнелері пайда бола бастаған. Оның ішінде, танымал композитордың суретін ақтөбеліктер "тепе-теңдік сақталмаған" деп, сынның астына алды. Қазіргі күні мұрал қайтадан салынды.
"Бұл мұралдар – Ақтөбе қаласының 152 жылдығына жасалған сыйлық. Олар демеушілік қаражат есебінен салынып жатыр", – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Қаланың көп қабатты үйлерінде бұдан бөлек Абай, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды ел мақтаныштарының мұралдары, "Батыр жыры" композициясы, ұлттық аспаптардың суреттері салынған болатын. Олардың көркемдік-эстетикалық жағы тұрғындар тарапынан ешқандай наразылық тудырмаған.
Құралай Қуатова