Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше, 6 тамызда таңғы сағат алтыда Ақтөбе – Астрахань автожолының 284-шақырымында жол апаты болды. Lada Largus автокөлігін тізгіндеген 42 жастағы жүргізуші жөндеу жүргізіліп жатқан учаскеде жылдамдықты асырып, үйінді үстіне шығып кеткен. Соның салдарынан көлік аударылып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Жол апаты салдарынан Өзбекстан Республикасының екі азаматы (әйел адамдар) Байғанин ауданының орталық ауруханасына жатқызылды. Олардың бірі медициналық мекемеде есін жимастан көз жұмды", – деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі "абайсызда адам өліміне әкеп соққан, көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Аталған баптың 3-бөлігіне сәйкес бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.