Ақтөбеде жол апатынан дәрігер қаза тапты

666

Қайғылы оқиға Қандыағаш – Шалқар тасжолының Жұрын кенті маңында болған.

Ақтөбеде жол апатынан дәрігер қаза тапты Фото: instagram.com/mugalzhar_rb_aktobe

23 қарашада Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жол апатынан дәрігер Назгүл Мұратқызы көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Полицияның мәліметінше, көлік тізгініндегі әйел рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен.

– Renault автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кетіп, аударылды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші әйел оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Марқұм Мұғалжар аудандық ауруханасында оториноларинголог болып еңбек еткен. Аурухана ұжымы дәрігердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

– Назгүл Мұратқызы өз ісіне адал, білімі мен тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігер болды. Ол бар ғұмырын адам денсаулығын сақтауға, науқастарға көмек көрсетуге арнады. Өзінің жауапкершілігімен, мейірімділігімен және адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің құрметіне, емделушілердің алғысына бөленді. Оның өмірден мезгілсіз озуы аурухана ұжымы үшін орны толмас ауыр қаза. Біз әріптесімізді білікті маман, ақжарқын жан және айналасына әрдайым қамқорлық таныта білген аяулы жан ретінде есте сақтаймыз, – делінген аурухана ұжымының мәлімдемесінде.

Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігер жол апаты болған кезде еңбек демалысында жүрген.

Қазір жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу