Ақтөбедегі полиция мұрағатында 13 мың құжат бар

1046

Облыста ату жазасына кесілгендер Түйетөбе сайында жерленген.

Ақтөбедегі полиция мұрағатында 13 мың құжат бар

Ақтөбе облысының полиция департаментінде қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға, Германиядан оралған және әкери тұтқындарға, бұрынғы КСРО азаматтарына арналған құжаттар сақталған. Құзырлы орган ақталған азаматтардың не олардың өкілдерінің, ал олар қайтыс болған жағдайда туыстарының қылмыстық істерден іс жүргізбейтін сипаттағы құжаттармен танысуға, сондай-ақ, осы істерде сақталған қолжазбаларды, фотосуреттерді және басқа да жеке құжаттарды не олардың көшірмелерін алуға құқығы бар екенін қаперге беріп отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, мұрағатта 13 мыңнан астам құжат бар, оның ішінде, "ақталуға жатпайтын тұлғалардың мұрағаттық қылмыстық істері" - 617, "қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдарымен ақталған азаматтарға қатысты мұрағаттық қылмыстық істер" - 9 936 және "бұрынғы әскери тұтқындар мен Германиядан оралған бұрынғы КСРО азаматтарының материалдары" – 2 520 құжат. Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысы ПД арнайы мемлекеттік мұрағатына қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың туыстарынан 76 өтініш пен сұрау түсті, оның ішінде, 76 өтінішке оң жауаптар беріліп, 7 мұрағаттық анықтама және 150 мұрағаттық құжаттың көшірмесі берілген. Оның ішінде, жақын және алыс шетелдерден жеке және заңды тұлғалардан 7 өтініш, оның ішінде ТМД елдерінен 5 өтініш берілген.

Айта кетейік, мұрағаттық қылмыстық істермен танысқан адамдардан міндетті түрде таныстырылғаны және іске қатысы бар адамдар мен олардың жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін мәліметтерді пайдалануға тыйым салынғаны туралы қолхат алынады.

Өкінішке қарай, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ату және жерлеу орны туралы мәліметтер мұрағаттық қылмыстық істе жоқ екен. Алайда 1920-1950 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды жаппай жерлеудің ресми орны Ақтөбе облысының аумағында Родниковка ауылынан Орск трассасы бойынша 21 км жерде орналасқан Түйетөбе шыңының етегі болып саналады. 

Екі жыл бұрын Ресейдегі Новосібір өңірінің 28 жастағы тұрғыны Роман Завадовский отбасылық шежіре жасағысы келеді. Алайда, ол өзінің арғы атасы,  1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен ақталған Иван Владимирович Завадовский туралы ешқандай ақпарат таба алмай, "Мемориал" сайтынан іздестіре бастайды. Ақыры ол іздеген құжаттарын осы жерден тапқан. Жақында жігіт Ресейден Ақтөбеге әдейілеп келіп, полиция департаментінің мұрағатынан Иван Завадовскийдің құжаттарын, жиырмаға тарта фотосуретінің көшірмелерін алып кетті. Құнды дүниелердің сапалы сақталғанына риза болып, алғысын жаудырды. Қазіргі дейін мұрағаттағы дерек-дәйектер көптеген адамның туған-туыстары жайлы ақпарат алуына, тарихшы, зерттеуші, журналистерге тарихи мәліметтерді анықтауына көмектесті. Бұл игілікті іс жалғасын таба бермек.  

Айта кетейік, тарихи деректерге сәйкес, Ақтөбе облысында өткен ғасырдың 30-50 жылдарында 8 мыңға жуық адам "халық жауы", "алашордашылар" деген айыппен тұтқындалып, тергеуден өткен. Оның ішінде 2011 адам ату жазасына кесіледі. 1937-1938 жылдар "үлкен террор" кезінде ату жазасына кесілгендер Түйетөбе сайында жерленген. Кеңес өкіметі кезінде қаралы орындарға адам сүйектері шашылып жатса да, биліктен қорыққан жүртшылық ол жайлы ашық айтуға бата алмаған. 1990 жылдың бас кезінде көзі тірі куәлар мен құжаттар арқылы анықталған соң, 1997 жылы 31 мамырда Түйетөбе сайында қаралы митинг өткізіліп, кейін ескерткіш-белгі орнатылды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу