Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Бөгетсай ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде Үкіметтік комиссия құрылды. Премьер-министр Комиссияға жұмысын дереу бастауды, жол апатының себептерін жан-жақты тексеруді, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды", – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев басшылық ететін комиссия құрамында Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің жетекшілері, Ақтөбе облысы әкімдігінің басшылығы бар.
Айта кету керек, бұған дейін Ақтөбе облысында жол апатынан 12 адам қаза тапқанын жазғанбыз. Жол-көлік оқиғасын ІІМ-нің арнайы тобы тергейтін болды.