Ақтөбелік келіншек екі жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

673

Бота Қартбаева полицейлердің қателігінен өлгендер тізіміне еніп кеткен.  

Ақтөбелік келіншек екі жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр Фото: Әзиз Жанұзақ

2021 жылдың желтоқсан айында Темір ауданында болған жол апатынан қаза тапқан әйелдің орнына оның жеке мәліметтері жазылып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  Оқиға орнына келген полиция қызметкері марқұмның аты-жөнін куәгерлердің айтуымен жазып, базаға енгізіп қойған. Ондағы мәліметтер Ботаның жеке тіркеу номерімен сәйкес болып шыққан.

"Өлгендердің тізімінде тұрғанымды 2022 жылдың қаңтар айында білдім. Өйткені, балаларға берілетін жәрдемақы түспей қалды. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары ол мәселені шешіп берді. Яғни, одан кейін жәрдемақы тоқтаған жоқ. Бірақ, әлі күнге дейін медицина мекемелеріне қарала алмаймын. Соның кесірінен жұмысқа да орналаса алмай жүрмін. Бұл жағдайдың қайдан шыққанын да білдім, учаскелік полицейдің қателігі. Жол апаты кезінде қайтыс болған әйелдің тегі де Қартбаева. Оның шын есімі Ақбөпе. Алайда, жақын-жуығының бәрі "Бота" деп атайды екен. Полицейдің өзі де мойындады қателік жібергенін. Жағдайды дұрыстауға уәде де берді. Алайда, уақыт созылып бара жатыр", - дейді Бота Қартбаева.

Ботаның 6 баласы бар. Жолдасы да, ұл-қыздары да медициналық көмекті алып жүр. Аурухана қызметкерлері оған көмек қолын созуға барынша тырысқан. Бірнеше мәрте Облыстық денсаулық сақтау басқармасына, министрлікке хат та жазыпты. Дегенмен, нәтиже жоқ.

"Біз Полиция департаментіне, ҚР Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директорына, Денсаулық сақтау басқармасына хат жолдадық. "Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінен келген жауап бойынша, Қартбаеваның туыстары әділет орындарына жүгінуі керек немесе мәселені сот арқылы шешуі тиіс. Соған қарамастан біз алғашқы медициналық көмекті беріп жатырмыз", - дейді Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күмісай Байболатова.

Бота Қартбаева мәселені сот арқылы шешуге құлықты емес. Өйткені, басқаның жіберген қателігі үшін ақшасы мен уақытын жоғалтқысы келмейді.

"2021 жылдың желтоқсанында Темір ауданында ЖКО орын алып, әйел қаза тапты. Жеке басын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты куәгерлермен Бота есімді қыз ретінде танылған. Белгілі болғандай, куәгерлер қате деректер берген және 3 тәулік ішінде барлық инстанцияларға нақты сауалнамалық деректер жіберілді. Қазіргі уақытта жеке мәліметтеріне өзгеріс енгізу үшін денсаулық сақтау министрлігіне қайтадан хат жолданды, - деді, Облыстық полиция департаменті, баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу