Ақтөбелік полицей қолына алған кейуананың туған баласы табылды

1067

Ол анасын өз қолына алмақ.

Ақтөбелік полицей қолына алған кейуананың туған баласы табылды

Ақтөбелік тәртіп сақшысы қолына алған кейуананың туған ұлы табылды. Ол анасын қарттар үйіне өткізбей, өз қолына алмақ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Төрт баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрғанына қарамастан, үйсіз-күйсіз жүрген 80 жастағы Людмила Шевченконы қолына алған Дастан Сұлтанғалиев есімді полиция қызметкері жөніде жазған болатынбыз. 

Кейуана қызынан туған жиен немересі қуып жібергеннен кейін баспанасыз қалған еді. Оның өз пәтерін немересі сатып жіберіп, перде тігу бизнесіне салады. Алайда, ісі алға жүрмей, шығындалып қалады. Әжесінің айтуынша, ол зейнетақы алатын кәртішкесін қолына ұстатқан да, үйінен желкелеп шығарып жіберген. Бірнеше рет көмек сұраған қарт кісінің жағдайы болмай жүргенін көрген Дастан Сұлтанғалиев оны үйіне алып келіп, бағып-қағып отырған еді. 

Людмила Шевченко жақында ғана өзінің қызынан бөлек, бір ұлы болғанын, бірақ, оны 1970 жылы бір жарым жасында Ресейде Ростов-на-Дону өлкесінде тұратын енесіне тастап кеткенін айтады. Одан кейін жер шалғай, ұшақпен бару қымбат, байланыс нашар деген себептермен екі жақтың арақатынасы үзіліп кеткен. Дастан берілген деректер бойынша мәліметтер базасын қарай отырып, Владислав Шевченконы тауып алады. 

Белгілі болғандай, оның жасы 52-де, отбасын құрмаған. Жазасын өтеу орындарында 20 жыл отырған, қазіргі күні жиһаз жинаумен және тасумен айналысады. Кейін ол да Ақтөбе қаласына қайтып келіпті. Осы уақытқа дейін анасын көз жұмды деп ойлап жүрген. Өз кезегінде туыстары да оны өкпе ауруынан қайтыс болды деп естіген екен. 

Осылайша, бір қалада жүрсе де, бір-бірінің барынан хабарсыз ет жақын жандар полиция бөлімшесінде кездесті. Көзінің жасын тежей алмаған Людмила Шевченко кезінде тастап кеткені үшін ұлынан кешірім сұрады. 

"Басымыздан қандай жағдай өтсе бе, бұл кісі - менің шешем. Мен ол кісіні далада қалдырмаймын, өзімнің қолыма алам. Осы уақытқа дейін архивтен, тағы бір жерлерден іздеп, таппаған едім, қуаныштымын", - дейді Владислав Шевченко.

Жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып келген Влад енді анасымен бірге тұруға қолайлы пәтер іздестіруде. Ал әжей Сұлтанғалиевтер отбасына қол ұшын беріп, қамқорлық көрсеткені үшін алғысын жаудыра отырып, Сұлтан мен оның келіншегі Алмагүлді де баласы деп санайтынын айтады. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу