Ақтөбе жұртшылығы белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР әлеуметтік ғылым академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Амангелді Әбдірахманұлы Айталыны соңғы сапарға шығарып салды.
Қоштасу рәсімі өзі дәріс берген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өтті.
ЖОО баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоштасу рәсіміне облыс басшысы Ералы Тоғжанов қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
"Аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІ-ші және ІІІ-шақырылымдарының депутаты Амангелді Әбдірахманұлы Айталының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Амангелді Әбдірахманұлы ұзақ жылдар бойы білім және ғылым саласында жемісті жұмыс жасады. Соның ішінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында жоғары білікті мамандар даярлау ісіне мол еңбек сіңірді. Мәжіліс депутаты болған кезінде отандық заңнаманы жетілдіруге және парламентаризмді дамытуға атсалысты. Қажырлы қызметімен еліміздің өркендеп дамуына өз үлесін қосып, соңына жарқын із қалдырған Амангелді Әбдірахманұлының есімі мен бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", - делінген жеделхатта.
Сонымен қатар қаралы жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалин, көрнекті ақын, журналист Ханбибі Есенқарақызы, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов, университет ректоры Лаура Қарабасова, тағы басқа зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, әріптестері мен жақындары қатысты.
Еске салсақ, қоғам қайраткері 21 желтоқсанда 83 жасында өмірден өткен еді.