Ақтөбеден шығатын "Адырна" республикалық әдеби-көркем, көпшілік журналы жабылмайды. Ол жергілікті "АқтөбеМедиа" ЖШС құрамына қосылуы мүмкін, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
"Адырна" журналының бас редакторы, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлының 2016 жылдың қараша айында жарық көріп, содан бері көпке танылып үлгерген басылымның қаржы бөлінбегендіктен уақытша жабылатыны жөніндегі мәлімдемесі оқырманды елең еткізген еді.
"Өкінішке орай, 2020 жылдан бастап "Адырнаның" жағдайы күрт төмендеді: облыстың ішкі саясат бөлімінің басшысы қаңтар-ақпан айларында өтетін тендерді маусым айының аяғына дейін созды, ал тендер өткен соң, "қаржының аз бөлінгенін" айтып, ақыры шілде айында екі миллион қаржыны бергізіп, алдарқатты да қойды. Мен, Мейірхан Ақдәулетұлы, қаржының түбі болатынын айта беретін әкімшілікке сеніп, барлық қаржыны өз қалтамнан төлеп жүрдім де, қазан айының орта шенінде облыс әкіміне кіріп, келесі жылға жазылуды тоқтататынымды, оқырман үшін желтоқсан айында соңғы номерін шығаратынымды, әкімшіліктің уәдесіне сеніп шығынданып келгенімді баяндадым. Оңдасын Сейілұлы (облыс әкімі) қаржыны жергілікті қорлар арқылы өтейтінін, журналдың 2021 жылы да шыға беруі керектігін айтып, тыныштандырды. Уәде тым созылып кеткен соң биылғы ақпан айында әкімге тағы кірдім", - деп жазған болатын танымал қаламгер.
Оның айтуынша, 2021 жылғы қаңтар, ақпан айларының номерлері шығып, журналдың наурыз, сәуір, мамыр айларының номерлерін баспаға әзірленіп те қойған.
"2019 жылы үлкен әдеби бәйге жарияланып, соның қортындысына 5,5 млн теңге жұмсап әдеби форум өткізген, халықтың өз әдебиетіне деген ықыласын оятып, облысқа, облыстың әкіміне аброй әперген "Адырнаның" осы бейшара күйге түскеніне, тиражы үш жыл ішінде "Жұлдыздан" асып түскен журналдың ешкімге енді қажетсіздігіне және... ресми биліктің "уәдесі" арқасында өз басым 19,0 млн ақшаны әкімшіліктің үздіксіз уәдесіне бола өз қалтамнан төлегеніме ғана емес, "рух, т.т." деп сайрағанда алдына жан салмайтындардың қазақы рухты осылай да қорлауға боларына қайранмын", - деп қынжылған Мейірхан Ақдәулетұлы.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Купеновтің айтуынша, "Адырна" журналы 2019 жылға дейін "АқтөбеМедиа" ЖШС тарапынан қаржыландырылып келген. Алайда, 2019 жылы тексерілген аудиттік тексеру журналға қаржыны тікелей ЖШС арқылы аудару заңсыз, оған арнайы конкурс жариялануы керек деген шешім шығарған.
"Сол себепті, ішкі саясат басөармасы тарапынан 2020 жылы М.Ақдәулетұлына "АқтөбеМедиа" ЖШС негізгі редакциясына кіріп, толыққанды бөлім ашу ("Үш таған" журналы сияқты) немесе журналды шығару бойынша мемлекетітк ақпараттық тапсырыс арқылы конкурсқа түсу жолдары ұсынылды. Ол кісі екі ұсыныстан да бас тартты. Өз жазбасында көрсеткендей, тендерден қаржы беру деген уәде болған жоқ. 2 млн теңге демеушілер есебінен берілді", - дейді Айбек Купенов.
Белгілі болғандай, "Адырна" журналын сақтап қалудың бірден бір тиімді жолы - жергілікті медиахолдинг құрамына кіру. Ішкі саясат басқармасы басшысы қазіргі күні басылымның бас редакторы оған келісім бергенін жеткізді.
Құралай Қуатова